Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілген үйлердің мақсатты бағытта пайдалануын және төлем бойынша құрылған қарыздарды тексеру мақсатында құрылған аудандық комиссия мүшелері өткен аптаның сенбісінде өздерінің кезекті рейдтерін жүргізді.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының, қала әкімдігі пен құқық қорғау органдарының, сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері бұл жолғы кезекті тексеріс жұмыстарын тұрғындар тарапынан бірқатар шағымдар түскен Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» ықшам ауданында орналасқан №19 көпқабатты пәтерден бастады. Рейд жүргізгендер алдымен мемлекеттік бағдарлама арқылы заңды түрде жалға алған пәтер иелерінің бар-жоғын тексерді. Себебі, кейбір азаматтар пәтерлерді мемлекеттік бағдарлама негізінде алғанымен, өздері тұрмай, жалға беріп қойған. Тексеріс барысында осындай заң бұзушылыққа барған төрт пәтер иелері анықталды. Анықталған баспана иелеріне алдағы уақытта сотқа шағым түсетін болады, өйткені, мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген баспананы ала отырып, оны қолданбай басқа адамға жалға беру бұл заңға қайшы әрекет болып саналады.
Сонымен қатар, шарада комиссия мүшелері тұрғындардың жалдап отырған пәтерлерінің төлемдерін уақытылы төлеуін де тексеріп, оны өтемеген адамдарға келесі аптаның соңына дейін қарыздарын жабуға уақыт берді. Егер де олар осы уақытқа дейін оны төлемейтін болса, онда сот арқылы үйлерінен айырылатын болады.
Аталмыш комис-сияның жетекшісі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ербол Нағашыбаевтың айтуынша, мұндай тексеріс жұмыстары заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша шараларды күшейту үшін және де қажеттілігі жоқ болса да мемлекет тарапынан үй алып, оны өзінің пайдасына асырып отырған адамдарды жауапқа тарту мақсатында жасалып отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.