Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы № 257-IV «Мемлекеттік статистика туралы» Заңы мемлекеттік статистикалық қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.
Қарасай аудандық статистика басқармасы да мемлекетіміздің дамуы, өркендеуі мен болашаққа қойылған жоспарларды болжамдау үшін күнделікті бекітілген регламентке сәйкес жұмыс жүргізуде. Аталмыш қызмет Қазақ АССР-нің «Мемлекеттік статистика туралы» Ережесіне сәйкес Қазақстанның орталықтандырылған статистикалық органы болып, 1920 жылдың 8 қарашасында құрылды. Биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтпекші болып отыр.
Басқарма қызметкерлері статистикалық байқау, топтастыру, орта шамалар, өзгеру индекстері, корреляциялар және тағы да басқа әдістерді қолдану арқылы мәліметтерді жинақтап, статистикалық қорға енгізіп отырады. Соның арқасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының салыстырмалы көрсеткіштерін екшелеп, халық шаруашылығын өркендетуші кәсіпорындардың нақты мәліметтерін бақылауға алып, тиімді, қайтарымды бағдарламаларды болжамдауға ықпал етеді.
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «100 нақты қадам» бағдарламаларында қарастырылған тапсырмаларға сәйкес, мемлекеттік органдардың статистикалық базалары мәліметтеріне «онлайн» қолжетімділікті қамтамасыз ету керектігі айтылған. Осы жұмысты іске асыру үшін «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында статистикалық есептерді «on-line» режимінде қабылдауды аудан көлемінде атқарып жатқан заңды және жеке тұлғаларға насихаттау жұмысы жүргізілуде, нақты уақытта бұл режимде есеп тапсырушылар саны барлық тұлғалардың 85 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімі аппараттары статистикалық есеп нысандарын өткізуде тиісті заңды және жеке тұлғалардың белсенділігін анықтап, оларға статистикалық есеп нысандарын «on-line» режимінде республикалық есеп қорына мерзімінде енгізуді қамтамасыз ету жұмысына атсалысуда.
Қарасай ауданы Алматы облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Жер аумағы 2 мың шаршы километр. Осындағы 46 елді мекенде 2020 жылдың 1-қазанындағы есеп бойынша халық саны 280013 адам. Халық саны табиғи өсіммен және ірі қала – Алматының серіктес қаласы Қаскелең мен оған жағалай орналасқан ауылдарға қоныстануды қалаған тұрғындардың есебінен күннен-күнге өсіп келеді. Сонымен қатар, аудандағы саяжайларды өздеріне тұрақты мекенжай ретінде пайдаланып тұратын халық саны да көп. Бұл жағдай ауданда коммуналдық инфрақұрылымды, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін, тұрғын үй кешендерін көбейтіп, соған орай аудан бюджетін қажеттілікке қарай қарастыру мәселесін туындатып отыр.
Қарасай аудандық Статистика басқармасы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына және «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысының мақсатына орай 2021 жылғы халық санағына дайындық ретінде оған ауданның барлық әкімшілік-аумақтық бірліктер мен бөлімдерді жұмылдыруды, санақтың мақсат-мүддесін осы құрылымдарға жеткізуді іс жоспарына енгізіп отыр. Яғни, әкімшілік-аумақтық бөлініс бірліктері бойынша елдің демографиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуын саралап, салыстыру, халықтың сандық, сапалық құрамын анықтап, болашаққа экономикалық болжам жасау үшін әр құрылым өз құзыры шеңберінде жұмыс атқарады.
Қарасай аудандық Статистика басқармасын 2014 жылдан бастап тәжірибелі, білікті маман Нүпбаева Дина Садыханқызы басқарып отыр. Қазіргі кезде мұнда 10 адам қызмет істейді.
Осындағы ардагерлердің қатарында Шевелева Нина Ивановна, Пичугина Вера Никифоровна, Лупинос Людмила Прокофьевна, Қалиева Аманкүл Әскерқызы бар.
Ұжымда жас мамандарды тәжірибе алмасу бағдарламасы арқылы іріктеп, оларға тәлім-тәрбие беру жақсы жолға қойылған, мамандардың кәсіби өсуіне де көңіл бөлінеді. Нақтырақ айтсақ, осы басқарманы басқарған Дүйсенғалиева Ардақ Мұратқызы Талғар ауданында Статистика басқармасын басқарады, Тоқсейітов Самат Дулатұлы Қапшағай қаласы Статистика басқармасының бастығы, Малкаров Юруслан Нажбудинұлы облыстық Статистика департаментінің бөлім басшысы. Сонымен қатар, басқарма аппаратында тәжірибелі мамандар Балтабаева Ғалия Құратқызы, Дүйсенғалиева Сәуле Дакишқызы, Шамирова Жұмахан Берденқызы, Мергенбаева Әлия Айнатдинқызы, Сарбопина Алия Дауренбекқызы, Рысбаева Айман Маратқызы, Қыздарбеков Ақжол Талғатұлы, Рахманова Альбина Касымқызы өз қызметтерімен жастарға үлгі болуда.
Статистика саласында қажырлы еңбек етіп, өз үлестерін қосып жүрген қызметкерлерге жаңа белестер, жарқын күндер мен толағай табыс тілей отырып, мерейлі 100 жылдық мереке құтты болсын, дейміз!
Өз тілшіміз.