Еліне пайдасы тиген, халқының қамын ойлаған азаматтардың жүріп өткен жолы мен жеткен жетістігін келешек ұрпаққа дәріптеу – игі істердің бірі.
Талайға үлгі іскерлігі мен есімі көпшілікке мәлім сондай азаматтардың қатарына Айтбай Байбарақовты да жатқызуға болады. Өз ізін жетік білген, басшылық жұмыстарды да игерген ол кісінің біздің ауданға сіңірген еңбегі де жетерлік. Қайбір жылдары ауданның құрамына кіретін Ақсай ауылдық округін 10 жыл басқарып, өркендеуіне зор үлес қосты. Одан кейінгі уақытта Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары лауазымын да атқарды. Айтбай Байбарақұлы ерен еңбектері үшін бірнеше мемлекеттік грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталған. «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің игері атанып, Қазақстан Компартиясының XVI съезінің делегаты болды. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде тұрғындардың талай мәселелерін шешуге атсалысты.
Осындай көпшіліктің құрметіне бөленген ардақты азаматты өскелең ұрпақ танысын, білсін, үлгі алсын деген ниетпен Айтбай Байбарақовтың құрметіне кезінде өзі іргетасының қалануына себеп болған Алғабас ауылындағы №185 мектепте мұражай ашылды. Мұндай игі іс білім ұясы әкімшілігінің ұсынысымен жүзеге асты.
Рухани орталыққа Айтбай Байбарақұлының әулетіне қатысты, өткен өмірі мен еңбек жолы жайлы фотолар ілінген. Сонымен қатар, қызметтік жолда жеткен жетістіктері де естелік ретінде қойылды.
Салтанатты шараның ашылуында А.Байбарақовтың жақындары мен жолдастары, сондай-ақ, бірқатар құрметті қонақтар да бой көрсетті. Оның ішінде мұражайдың қызыл лентасын қиған Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Жүнісбеков және де К.Сыртанова, Х.Шалабаев, С.Жұмабаев, Қ.Сыдықов, А.Айтжанов, Қ.Қосшығұлов сияқты ауданға танымал азаматтар қатысып, өздерінің жүрекжарды ақ тілегін білдірді.
Өз тілшіміз.