Қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өткен ұстаздар мерекесіне орай ауданымыздың ауған соғысы ардагерлері жастар арасында арнайы мылтықтан ату сайысын өткізді. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған жарыс ауданымызға қарасты Долан ауылында орналасқан «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік агенттіктері қауымдастығының мамандандырылған оқу орталығы» ЖШС-нің аумағында ұйымдастырылды. Оған Алмалыбақ және Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндерінің мұғалімдері қатысты.
Шара барысында алдымен ауған соғысының ардагерлері, бүгінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері – аға прапорщик Сәбит Пішембаев, сержант Ерсін Көкешев, сондай-ақ, бірқатар интернационалист-жауынгерлер қарудан ату кезінде ұстану қажет қауіпсіздік ережесі жайлы жастарға кеңінен түсіндіріп өтті. Мұнан кейін жарыс басталып, мектеп оқушылары ресейлік төмен калибрлі винтовкамен атып, мергендік-терімен өзара жарысты.
Ал, ауған соғысының ардагерлері өз кезегінде сайыс барысында жастарға дұрыс мылтық атудың жолдарын көрсетіп, бағыттап өздерінің ақыл-кеңестерін беріп тұрды. Сонымен қатар, ардагерлер жас мергендерді тек атуды үйретіп қана қоймай, соғыста болған оиғаларымен, сондай-ақ, өз өмірлік тәжірибелерімен де бөлісті.
Жас мергендер арасында өткен сайыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.