Зейдагүл орнықты отбасының берекесін арттыруда
Жамбыл облысында туып-өскен Атаева Зейдагүл бір отбасындағы алты ұл-қыздың бірі болатын. Есейе келе бәрі де өмірден өз орындарын тауып, жан-жаққа тарады ғой. Бір туған бауырлардың арасынан ұстаздықты жаны қалаған осы Зейдагүл еді.
Содан 1979 жылы республика жоғарғы оқу орындарының қарашаңырағы – Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының физика факультетін бітіріп шықты. Дипломды жас мұғалім алдымен жолдамамен барған өз ауданындағы Кеңес орта мектебінде істеп, біраз тәжірибе жинақтады. Бірақ, оған сол кезден-ақ үлкен жерге барсам, қалаға жақындасам деген ой орныққан-ды. Сөйтіп, 1981 жылы Қарасай ауданындағы Жамбыл атындағы мектепке орналасады. Өз міндетін жақсы атқаратын білгір маман қай жерге де керек қой.
Мұнан кейін, яғни, 1982 жылы Зейдагүлдің Абай атындағы орта мектептегі (қазіргі мектеп-гимназия) ұзақ уақытқа созылған қызметі басталған.
– Ол кезде директор елге танымал ұлағатты ұстаз Мұқанова Мәрия апай еді, – деп еске алады Зейдагүл. – Мені жұмысқа қабылдар алдында көп ақыл-кеңесін айтты. Өзіме көрсетілген үлкен сенімді ақтауымның қажеттігіне көзімді жеткізді. Құдайға шүкір, ол кісі нұсқаған биіктен көрінген секілдімін. Сол сияқты білікті де тәжірибелі педагогтар Нағима Сағатова, Баян Әбдікерімова, Тұрсын Әділбекқызы басшылық еткенде де абыройлы болдым деп айта аламын.
Зейдагүл алғашқы кезде интернатта тәрбиеші болыпты, кейіннен меңгеруші қызметін атқарыпты. Сонымен қатар, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде де жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуіне өзінің үлесін қоса білді. Кейіннен физикадан сабақ беріп, педагогикалық үлкен шеберлігімен оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығын оятты.
Сонымен Зейдагүл Құсайынқызы қазіргі Абай мектеп-гимназиясында табан аудармай ширек ғасыр жұмыс істеген екен. Әрине, бұл аз мерзім емес. Осыншама уақыт ішінде ол қаншама жас өреннің жүрегіне арман отын жақты, санасына сәуле құйды, бойына жігер, ойына сенім ұялатты, қиялына қанат бітірді десеңізші! Бүгінде сандаған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп, ұлағатты ұстаздарына үнемі ыстық сәлемін жолдайды.
Бірнеше Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттың иегері Зейдагүл 2015 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты, Алайда, онан кейін де екі жылдай жұмыс істеп, балаларды білім нәрімен сусындатқанын да айта кетейік.
1992 жылы тұрмыс құрып, отбасылы болды. Жолдасы Серік Тұрғынбаев екеуі алтын асықтай үш ұл-қыздың ардақты ата-анасы атанды.
Алматыдағы «Нархоз» университетінің түлегі, аудандық білім бөлімінде жұмыс істейтін қыздары Салтанат тұрмыс құрып, одан бір немере көріп отыр. Ұлкен ұлдары Төлеген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетін аяқтаған, кейін тағы бір жоғарғы оқу орын бітіріп, заңгер мамандығын алды. Қазір Алматы қаласы, Бостандық аудандық полиция басқармасында қызмет істейді. Кенжелері Өмір-Сұлтан ҚазМУ-дың 3-курс студенті. Айтқандай, балаларының барлығы да грантпен оқыған.
Отағасы Секеңнің, Серіктің де өмірлік Құдай қосқан қосағын құрметтеп, қадірлеп, ұл-қыздарының қуанышын көріп, ағайын-туғанын ардақтап дегендей жақсы бір ғұмыр кешіп отырған жайы бар. Елмен етене жақын, көп кісімен сыйласады. Әрдайым ізгі ниетімен танылады, игі ісімен көрінеді.
Иә, бүгінде еңбек ардагері Зейдагүл шаршамайтын іскер де ілкімді «шалы» екеуі өздері құрған орнықты отбасының түтінін түзу шығарып, берекесін арттыруда, мерейін өсіруде. Бұл да шынайы бақыттың белгісі болар!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.