Бір жыл бұрын Шамалған бекетінде елімізді дүр сілкіндірген жантүршігерлік апат орын алған болатын. Көлік кептелісінде автобус жүргізушісі теміржол өткелінде тұрып қалуынан пойызбен қақтығысты. Оның салдарынан автобус жүргізушісі қайтыс болды, ал, сол оқиғада ауыр жарақаттар алған әйел екі баласымен апаттың зардабын әлі күнге дейін шегіп келеді. Содан бері бір жыл өткеннен кейін тиісті мекемелер мен жергілікті атқарушы органдар қандай жұмыстар атқарды? Оған байланысты аудан әкімі Жандарбек Далабаев осылай жауап берді:
– Қазір Шамалған бекетіндегі теміржол өткеліне жаяу жүргінші көпір салынды. Өздеріңіз білетіндей жолды салуда бекітілген тәртібі бар. Яғни, біз сөз етіп отырған жол республикаға қарайды. Ал, пойыз жолына Қазақ темір жолы жауапты. Бірақ, бұл жерде тұратын Қарасай ауданының халқы. Сондықтан қауіпсіздікті арттыру мақсатында арнайы жоспар жасалып, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жаяу жүргінші көпірін салуға облыстық бюджеттен 335 млн. тенге қаржы бөлінді.
Аудан басшысы тілге тиек еткендей, бұл жерүсті өтпелі жолдың құрылысы қазір толықтай аяқталған. Мұнда темір жол тәртібіне сай биіктігі сәйкестендіріліп, мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдар үшн де жедел саты орнатылған.
Сонымен бірге «қауіпті өткел» тұсындағы кептеліс мәселесін шешу мақсатында 7000 метрді құрайтын автомобиль айналма жолы салынып жатыр. Алматы жақтан Нұр-Сұлтан қаласына бағытталған жолдың 4,5 шақырымы Қарасай ауданының аумағына тиесілі. Бұл айналма жолдың құрылысы 2021 жылы аяқталмақ. Онда қазір жолдың бағыттары айқындалып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Айналма жолдың құрылысы аяқталғанан кейін оқиға болған теміржол мен автомобиль жолдарының қиылысы мүлдем жабылады. Өздеріңізге белгілі болғандай, жаяу жүргіншілерге арналған өткел бар. Сондықтан, автомобильдер айналма жол арқылы жүреді. Ал, қарым-қатынасты қамтамасыз ететін Жібек жолы ауылының ішкі жолдарын кеңейту мақсатында екі үйді сатып алдық. Себебі, бұдан кейін жолдың бағыты өзгереді. Автокөлік жүргізушілерге Алматы – Нұр-Сұлтан үлкен тас жолы арқылы жүруге мүмкіндік жасалады. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін істеліп жатыр, – деп Жандарбек Ермекұлы мәселенің мән-жайын толықтай түсіндірді.
Осылайша тоғыз жолдың торабына айналған Жібек жолы ауылының көлік кептілісі мәселесі толықтай шешілмек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.