Өткен аптаның жұмасы қарасайлық көп балалы 13 отбасы үшін өте сәтті күндердің бірі болғаны рас. Барлығы да Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» және «Оңтүстік» ықшам аудандарынан, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін, баспанаға ие болып, қуанышқа кенелді. Арасында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері бар жаңа қоныс иелері бар отбасыларды аудан әкімі Жандарбаек Далабаев құттықтап, өз қолымен үй кілттерін табыс етті. Осындай үлкен шаттыққа бөленуге «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы себепші болып отыр. Анығын айтқанда, 2019 жылы аталған бағдарламаның аясында республикалық және жергілікті бюджеттерден көпбалалы отбасыларға баспана сатып алу үшін қаржы қарастырылған.
Енді, міне, бағыты айқын бастаманың арқасында, Қарасай аудандық тұрғын үй комиссиясының шешімімен анықталған кезектілік тәртібімен 13 отбасы үйлі болды. Аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы алдымен «Қарлығаш» ықшам ауданына қоныстанған тұрғын үй иелерін құттықтады.
– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы өздеріңіз сияқты көп балалы отбасыларды баспанамен қамтуды мақсат етеді. Осындай игілікті жұмыстар алда да жүзеге асады. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осы үйде өсіп-өніңіздер, тек қуанышта, жақсылықта бас қосайық, – деп аудан басшысы барша пәтер иелеріне ақ тілегін жеткізіп, 8 отбасыға жаңа қоныстың кілттерін сыйлады.
Айтулы күнді асыға күткендердің арасында 5 баланың анасы Лаура Ауелбекова да бар. Отағасы екеуі мемлекеттің баспаналы болуға мүмкіндік туғызғанына ерекше алғыстарын білдірді.
– 2015 жылдың маусым айында кезекке тұрған болатынмын. Араға бес жыл салып осы күнге де жеттік. Пәтерден пәтерден көшіп жүргеніміз енді артта қалды деп ойлаймын. Мемлекет басшысына және аудан әкіміне үлкен ризашылығымды айтамын! – деді ол.
Дәл осындай қуаныш иелерінің бірқатары «Оңтүстік» ықшам ауданындағы кең бөлмелі жер үйлерге орналасты. Аудан әкімі Жандарбек Далабев мұндағы көп балалы отбасыларды да арнайы құттықтап, баспана кілтін табыс ете отырып, ыстық ықыласты лебізін білдірді. Ал, жаңа қоныстанған жарасымды Жылысбаевтар жанұясы бұл қуанышты асыға күткендерін айтады.
– Осы күнді, шынына келсек, көп күттік. Өте қуаныштымыз. Кең бөлмелі жер үйге кіріп, мәз-мейрам болып жатқан жайымыз бар. Қарасай ауданының әкіміне және әкімдіктердегі мамандарға отбасымызбен алғысымызды білдіреміз, – деді «Күміс алқа» иегері Ұлболсын Жылысбаева,
Осылайша бір апта бұрын қарасайлық бірқатар көпбалалы отбасы мемлекеттік бағдарламаның аясында баспана бақытына ие болды. Қуаныштары ұзағынан болғай, деп тілейміз!
Д. МӘЛІКҰЛЫ.