«Кербез» жеке кәсіпкерлігін басқаратын Өркен Ботайұлы – отандық өнімнің аясын кеңейтуді мақсат еткен еңбекқор азаматтардың бірі. Негізгі мамандығы исламтанушы болғанымен, қолөнерге жаны жақын қарасайлықтың қолға алған ісі ерекше. Сирек кездесетін кәсіпті дөңгелетсем деген Өркен сиыр, бұқа терілерінен өңделген былғары арқылы қазақи нақышта түрлі әмияндар мен сөмкелерді жасап шығарады.
2018 жылы шағын бизнестік бастаманы қолға алған ол көптеген өнімдерін республика бойынша ұсынып келеді. Бүгінде бұл орталықтың сапалы әрі сәнді дүниелерін Алматы, Ақтау, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалар тапсырыс беру арқылы алдыртып, өнімге деген сұранысты арттыруда. Атап айтқанда, «Дәстүр», «Қалмұра» сияқты танымал дүкендер желісі аталған былғары бұйымдарын алдыртып, нарықтық бағада көпшілікке ұсынуда екен.
Қарасайлық кәсіпкер мұндай істі әу баста қолға алмас бұрын Түркия елінен мамандарды арнайы шақыртып, қыр-сырын жетік меңгерген. Кейін өзінің ойында жүрген бастамаларды сабақтастыра отырып, елдегі бизнес саласына үлес қоссам деген ниетпен жұмысын бастап кетеді. Тәжірибесімен бөлісу арқылы кәсіптік ортаға еңбекқор жандарды да жұмысқа тартады. Осылайша бизнес әлемінде қазақтың брэндін қалыптастыруды мақсат етіп, бүгінде Қаскелең қаласындағы цехта жұмысын жандандыруда.
Өркен Ботайұлы басшылық ететін «Кербез» жеке кәсіпкерлігінде қазіргі уақытта өз ісін білетін 8 іскер маман еңбек етуде. Әрбірінің жауапты міндеті, түрлі құрылғыларда атқаратын қызметі бар. Күніне 60 шақты өнім шығаратын қыз-жігіттердің кейде жұмыс уақытында тапсырыстарды үлгере алмайтын кездері де кездеседі. Осындай жағдайды ескеріп, жұмыс сапасын саралап жүрген жас кәсіпкер бизнес ауқымын келешекте кеңейтуді мақсат етуде.
– Бастаған кәсібімнің жолында алға қойған жүйелі жоспарлар көп. Ең негізгі мақсатым – отандық өнімді ел ішінде емес, шетел нарығына да шығару. Әрине, мұндай бастаманы жүргізу үшін алдымен қаржы керек. Соның тапшылығы осы кәсіпті одан әрі жандандыруға кішкене кедергі келтіруде. Осы мәселе жөнінде жақында Алматы облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Қарасай аудандық филиалына барған едім. Мәселенің мән-жайын түсінген бұл орталық өтінішімді облыс арқылы шешуге септігін тигізетін болды, – дейді Өркен Ботайұлы алдағы жоспарларымен бөлісіп.
Бүгінде шағын бизнес орталығының жұмыскерлері тігін машиналары мен былғарыларды өңдейтін, оларға ою-өрнектер салатын бірнеше құрылғылар арқылы өнімдерін жасап шығаруда. Бір айта кетерлігі, қарасайлық кәсіпкер бұл құрал-жабдықтарды өз қаражаты есебінен Қытайдан арнайы алдыртып, пайдаға жаратуда. Ал, маталар мен былғарылар Шымкент қаласынан тапсырыс арқылы жеткізіледі.
Өркен Ботайұлының кәсіп саласында тасы өрге домалауына біз де тілекшіміз! Алға қойған мақсаты, жүйелі жоспары орындалып, қазақтың брэнді қалыптасатын нышаны бөлек өнімдері арта берсін.
Дидар МУХАМАДИЕВ.