Әлемдік пандемияның салдарынан еліміздің білім беру жүйесі бірден қашықтан оқыту режиміне өтіп кетті. Әрине, бұл алдымен ұстаздарға, одан кейін студенттер мен оқушылар үшін оңайға түскен жоқ. Жалпы мұны қысқа мерзімдегі үлкен масштабта жасалған өзгеріс деуге болады. Неге десеңіздер, білім саласының оқыту технологиясы бұл үрдіске толыққанды дайын болмағанын жасырмау керек. Яғни, заман талабына сай құрылғылар, интернеттің қолжетімділігі, компьютерлер сияқты барлық қажетті ресурстардың қамтылуы маңызды. Бұл жағдай студенттердің білім алуы кезінде өз әсерін тигізді. Одан бөлек, олар оқу ордасынан үйлеріне кетіп, өз орталарын ауыстыруға мәжбүр болды. Осы ретте, тағы бір айта кетерлік жайт, білім алушылардың қашықтан үйде оқуы үшін мүмкіндіктің болу-болмауында. Міне, бұл айтылғандардың бәрі болашақ маман иелерінің білім алуына кері әсер ететін факторлар.
Ал, оқушыларға келетін болсақ, олардың жағдайында қашықтан оқу аяқ астынан пайда болған, жаңадан жүктелген міндетпен тең. Менің ойымша, бастауыш және орта мектеп оқушылары үшін мұндай оқу жүйесі қазіргі уақытта жеңіл тиген жоқ. Өйткені, мектеп білімгерлері үшін әлі күнге дейін өз бетінше білім алу, тапсырмалар орындау сияқты мәдениет қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан мектептердегі қашықтан оқыту мәселесі ЖОО-мен салыстырғанда күрделірек. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары қызметте болса, олардың қауіпсіздігі маңызды. Мұны да ескерген жөн деп есептеймін.
Қашықтан оқыту кезінде ең басты, қажетті ресурстың бірі – интернет желісінің болуы. Оның үздіксіз, тұрақты түрде қызмет етуі үшін трафиктің шексіздігі басты рөл атқарады. Менің ойымша, елімізде онлайн оқытуды жетілдіру қажет болса, білім саласына бөлінетін қаржының бір бөлігін интернет желісін дамытуға жұмсаған дұрыс.
Дәстүрлі түрде және қашықтан оқыту жағдайларында оқушылардың, студенттердің білім алу дәрежесі қазіргі уақытта мүлдем басқаша көрсеткіште болады. Алғашқысы басым болатыны да сөзсіз. Егер олардың білім деңгейлері тең дәрежеде болатынын қаласақ, екі түрлі оқыту жүйесін қатар қолданып отырғанымыз дұрыс деп есептеймін. Сонда ғана білім алушылардың саналары дағдыланып, бұл үрдіске де үйренеді.
Қашықтан білім беру сарапшысы ретінде өз тарапымнан еліміздің білім саласына біршама өзгеріс керектігін алға тартамын. Әлемдегі алпауыт мемлекеттермен теңесу үшін ең алдымен сауатты кадр мәселесін қолға алу керек. Яғни, басшылардан бастап, тәлімгерлерге дейін білімділікті, біліктілікті, тәжірибе алмасуды инновациялық тұрғыда арттыра білу қажет деп санаймын.
Давронжон ГАИПОВ,
СДУ-дің Академиялық істер және ғылыми зерттеу жөніндегі проректоры, PhD докторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, қашықтан білім беру саласының сарапшысы.