Әлемді жайлаған жұқпалы дертпен күресуде ақ желеңді абзал жандардың еңбегі зор. Адам өмірін қорғауда өз басын қатерге тігіп жүрген жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық етілмейді. Қазақстан ғана емес, әлем елдерін есеңгіретіп, талай өмірді жалмаған коронавирус пандемиясы адамзатқа төнген үлкен қауіптің бірі болды. Осындай қиын кезеңде адам өмірі үшін арпалысып, уақытпен санаспай, өз антына адал дәрігерлердің еңбегі ерекше! Ақ желеңді абзал жандар – күні мен түнін ауруханада өткізеді, апталап үйлеріне бармайды, бала-шағаларынан жырақта жүр. Сонымен қатар, олар аурудың азабын тартып жатқан отандастарымен күнделікті бетпе-бет келіп, адам өмірі үшін күреседі. Біздің дәрігерлердің жанқияр еңбегінің арқасында көптеген адамдар үйге – анасына, әкесіне, әйелі мен күйеуіне қайта оралды.
Міне, бүгінгі күннің батырлары атанған медицина қызметкерлерінің суреттерін енді Қаскелең қаласының орталық көшелерінен көруге болады. Жол бойына сән беріп тұрған билбордтар медицина қызметкерлерінің пандемия кезіндегі қажырлы жұмыстарына көрсетілген құрметтің белгісіндей болып тұр. Аталған акция Алматы облыстық әкімдігі және облыстық денсаулық басқармасының бастамасы бойынша өткізілуде. Ал, оның біздің ауданымызда жүзеге асырылуына «Шабыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы өз қаражаты есебінен демеушілік көрсетіп, қолдау білдірген.
– Маған аудандық орталық ауруханадан дәрігерлердің суреттерін баннерге шығарып берсеңіз деген ұсыныс келіп түсті. Біздің ұжым бірден қуана келісті. Оған қоса жол бойындағы жарнама тақтайшаларына да ілуге көмектесетінімізді айттым. Қанша айдан бері коронавирус инфекциясымен күресіп келе жатқан дәрігерлеріміздің атқарған еңбектері өлшеусіз. Мен де осы сәтті пайдаланып медицина қызметкерлерімізге алғысымды білдіруді жөн санадым. Кез-келген адам бұл мамандық иелеріне құрметпен қарайтыны сөзсіз, – деп «Шабыт» ЖШС-нің директоры Карим Магазов ризашылығын білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.