Жаңа оқу жылының қарсаңында Райымбек ауылдық округінде орналасқан К.Әзірбаев атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, оны осы айдың соңында аяқтау жоспарлануда. Аталған білім ордасы – аудан ішіндегі «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысы қарқынды жүріп жатқан нысандардың бірі.
Мектептің толықтай жаңарту жұмысы ағымдағы жылдың 20 мамырында басталған. Нысанның қайта жандануына үш техникасын жұмылдырған «ПМК-615» ЖШС жауапты. Аталған мердігер компанияның өкілі Владимир Макаренконың айтуынша, күрделі жөндеу басталғалы мұнда 70 құрылысшы маман еңбек етуде және оның ішінде 10 адам аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы атсалысуда.
Жалпы ауданы 3300 шаршы метрді қамтитын білім мекемесінің ішкі құрылысы күрделі жөндеуден кейін біршама өзгерді десек болады. Мәселен, мәжіліс залы, қосымша сынып кабинеттері, жаңа интернет желісінің сымдары, әр тақтаға жарықшамдар және өрт қауіпсіздігі үшін қосымша құрал-жабдықтар орнатылған. Алдағы уақытта екі ауысым бойынша тәлім алатын 1380 оқушы жаңартылған кабинтеттерде еш қысылмай емін-еркін отырып, білімдерін жетілдіре алады.
Үш қабатты мектептің күрделі жөндеу жұмысы басталғалы басы-қасында жүргендердің бірі – директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Әуезхан Түңлікбаев. Оның айтуынша, 43 жылдық тарихы бар білім ұясының келбеті мен ішкі жақтары жақсы жағынан өзгерген.
– Жаңа оқу жылының қарсаңында мектебіміздің осылай жаңа көріністе өзгеруі әріптестерім мен оқушылар үшін жақсы жаңалық болды. Осы ретте күрделі жөндеуге тапсырыс берген аудандық білім бөліміне және де осы жұмысқа жауапты «ПМК-615» ЖШС-нің мамандарына алғысымды жеткізгім келеді, – дейді Әуезхан Иманбақұлы.
Дидар МУХАМАДИЕВ.