Аталмыш игі шара ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен елімізде «Жетісу – адалдық алаңы» және «Адал көмек» жобасы аясында өткізілді. Акция барысында еріктілер тігін фабрикасынан «РозаФарм» дәріханасына берілген маскалардың жартысын сол күні аудан орталығына, «Қазпошта» мемлекеттік торабының аудандық бөлімшесі және сауда нүктелеріне өз тірліктермен келген жеке азаматтарға тегін таратты. Ал, үлестірілмей қалған бетперделер осы дәріханаға келетіндерге тегін беріледі. Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығына бөлінген 1500 бетпердені еріктілер округ тұрғындарына таратты.
– Қазір көп жерде медициналық бетперде табу қиын. Бағасы да шарықтап барады. Ел басына осындай қиын іс түскенде халықпен бірге болып, өзіміздің тарапымыздан қолдау көрсетіп, көпшілікке жәрдемдескіміз келді. Кәсібіміз тігінмен байланысты болғандықтан, қазіргі таңда адамдарға ең керек нәрселердін бірі – бетпердені тігіп, үлестіруді жөн көрдік. Осы ретте мен аудандық әкімдікке, жастар мен дәріхана иелеріне үлкен алғысымды айтқым келеді. Себебі, тек осы кісілердің арқасында дайындаған маскаларымызды тұрғындарға тез тараттық, – дейді «Азамат» ЖШС тігін фабрикасының директоры Арынғазы Қожабекұлы.
Оның айтуынша, мұндай шара алдағы уақытта жалғасатын көптеген акциялардың тек бастауы ғана екен. Олар осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да бұл игі істерін жалғастыра бермекші.
Айта кету керек, «РозаФарм» дәріханасының басшылығы да бұл игі істен қалыс қалмады. Олар акцияға қолдау көрсету мақсатында өз тараптарынан қосымша тағы 1000 бетпердені көпшілікке беретін болады.
Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш шараны ұйымдастырған тігін фабрикасы 10 жылдан аса уақыттан бері кәсіби униформадан бастап, балаларға арналған киімдер тігумен айналысып келеді. Фабрикада 60-тан астам адам еңбек етуде. Қазіргі таңда елімізде орын алған қиын жағдайға қарамастан, тігіншілер өздерінің ісін санитарлық нормаларға сай жалғастыру үстінде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.