Оқырман назарына ұсынылатын республикалық «Мұра.kz» журналының осы жолғы шығарылымы ерекше деп айтуға болады. Ақпараттық-танымдық басылым кезекті санын Елбасының туған жері – Үшқоңыр елді мекеніне арнады.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жас мерейтойы мен Елорда күніне орай, аталған журнал «Úshqońyrym – týǵan jerim» атты тақырыпты арқау еткен. Мұнда қасиетті Қарасай жерінің топырағында туып-өскен Елбасымызға қатысты тың деректер, танымдық әңгімелер, ол кісімен жақын қарым-қатынаста болған бірқатар азаматтар мен дос, құрбы-құрдастардың естеліктері жазылған.
Оқырман қауымға орамды ой салатын басылымның бұл санында бірнеше тақырып кеңінен қамтылған. Атап айтар болсақ, «Шыңдалған тұлға», «Мен – Назарбаев», «Қайырлы істің басында», «Ғасыр көшбасшысы». Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлына жерлестерінің және басқа да елге танымал азаматтардың ақ тілектері де арналған.
Танымды тақырыптың төңірегінде сүбелі сұхбаттар да журнал бетінде жарық көрген: «Ағаның алды – ақ жайлау» атты тақырып аясында Нұр ағаның туған інісі – Болат Әбішұлы талай қызығымен бөліссе, Назарбай әулетіне келін болып түскен, жақында ғана марқұм болған Гүлжан Төлегенқызы да өз естеліктерін әңгімеге арқау етіп, өнегелі өсиетін де жеткізген.
Жоғарыда аталған тақырыптар тізбегінен көреген көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы кеңінен білгілеріңіз келсе, «Мұра.kz» республикалық ақпараттық-танымдық журналын оқысаңыздар болады.
Өз тілшіміз.