Алдымен атап айтарым, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатымен танысып, мен өте риза болдым.
Себебі, әңгіме барысында Президент қазіргі кездегі ең өзекті мәселелерге кеңінен тоқталған, тіпті, олардың әрбіріне жан-жақты талдау жасалған деуге де болар еді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы кезекте бүгінде бүкіл әлемнің аяғын тұсап отырған атың өшкір жаман індет, онымен күрес туралы баяндай келе, Үкіметтің осыған байланысты барлық жұмысты толық бақылауда ұстап отырғанына назар аудартты. Бұл ретте адамдар да карантин режимін қатаң сақтауы тиістігін, сонда ғана індеттің кері шегінетінін, жоғалатынын айтты.
Президент тілшінің мемлекеттік тілдің жай-жағдайына, адами қасиеттерге, ұлттық құндылықтарға, еңбек адамдарына құрмет көрсетуге, жұмыспен қамтуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, бейбіт жиындар мен митингтерге қатысуға, зиялы қауымның пікірлеріне қатысты сұрақтарына да тереңінен қамтып жауап беріп, көп нәрсеге көзімізді жеткізді.
Қазіргі кезеңдегі Қазақстанның дамуы және ұлтымыздың жай-күйі жөнінде толғана сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы: «…Сондықтан елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқығымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені, қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр…» дейді.
Ақиқат айтылған!
Ақылия БЕКБАЙҚЫЗЫ,
аудандық әжелер алқасының төрайымы.