Аудан тұрғындары қалыпты өмір сүру жағдайына біртіндеп көшуде. Карантин режимінің талаптары жеңілдетілген соң бірқатар нысандарда жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бірақ қоғамдық орындарға барған әр азамат жеке қорғаныш заттарын қолданып, санитарлық талаптарды бұзбауы шарт. Осыған сәйкес аудан аумағында карантин кезеңіндегі қызметтің ережелерін сақтай отырып, объектілердің қызметін қайта бастауға дайындығын бағалауды жүргізу мақсатында аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың 2020 жылғы 27 мамырдағы №133-ө н/қ өкіміне сәйкес мобильді топ құрылған болатын.
Аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев жетекшілік ететін топ құрамына аудандық кәсіпкерлік бөлімінің, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау және полиция басқармасының мамандары, жауапты бөлімдердің өкілдері кіреді. Бұл топ дезинфекциялық іс-шаралардың сақталуы бойынша тұрғындар арасында және барлық меншік түріндегі нысандарда күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, әрбір мекеме әкімшілігіне коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керектігін жіліктеп түсіндіреді.
Туристік нысандарды аралады
Иә, қаланың күйбең тіршілігінен шаршаған қала тұрғындары демалыс күндері таулы аймаққа асығатыны белгілі. Бір сәт болсын сергіп қалсақ деген оймен, жұмыстан тыс уақыттарын табиғат аясында өткізетіндер жиі кездеседі. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде үйінде отырып шаршағандардың арасында таза ауамен тыныстауды асыға күткендер көп. Қаладан алыс орналасқан туристік нысандардың мобильдік топтың назарынан тыс қалғаны жоқ. Өткен аптаның бейсенбі күнінде олардың кезекті тексерісі Қарасай ауданының аймағындағы демалыс орындарында жалғасты. Атап айтқанда, «Nomad» этноорталығы, «Алатау маралы» шипажайы, «Nurly Tau», «Home Club», «Aul resort», «Восточная сказка» сынды Іле Алатауының баурайында орналасқан нысандардың карантин режимі кезіндегі санитарлық талаптардың сақталу деңгейі тексерілді.
Тексеру барысында белгілі болғандай кейбірі әзіргі дайындық үстінде болса, ал, екіншілері келушілерді қабылдап жатыр екен. Мобильді топ алғашқы болып кірген Үшқоңыр тауында орналасқан «Nomad» этноорталығы қазіргі уақытта жабық тұр. Бұл кешенге келушілерді еліміздің, жеріміздің тарихын бейнелейтін және оған қоса, ата-бабаларымыздың өмір-тұрмысымен тереңінен таныстырады. Оған қоса туристердің асыл болаттан шытыр торлы етіп соғылған сауыттарын киюге мүмкіндіктері бар. Ал, мұндағы тамақ ішіп, тынығатын орындардың басым көпшілігі киіз үйлер болғандықтан, желдетілуі өте жақсы. Әрқайсысының кіреберісінде санитайзерлар орнатылған. Ұрыс киімдерін келесі адамға берерде міндетті түрде дезинфекциялық сұйықтықпен тазаланады. Олардың дайындық деңгейіне белсенді топ мүшелері қанағаттандырарлық деген бағаларын берді. Келесі кезектегі Қаскелең қаласындағы «Восточная сказка» шомылу кешені де ашыла қоймапты. Үш шомылу бассейні, балық аулайтын кішігірім өзені бар демалыс орны да келушілерді қабылдау үшін санитарлық деңгейлерін ретке келтіруде. Оларға бассейннің жағалауына қойылған күн керуерттерінің арақашықтығын ашуға, санитайзерлерді жиі орналастыруға байланысты ескерту жасалды.
Ал, Жандосов ауылдық округіне қарасты «Aul resort» демалыс орталығындағы санитарлық талаптардың сақталғандығын есіктен кіргеннен-ақ байқауға болады. Кіреберіске санитайзерлер орналастырылып, дене қызуын өлшейтін арнайы қызметкер де бөлініпті. Келушілердің қатары да көп емес, бірен-саран адамдар ғана жаздық алаңдарда тамақтануда. Мекеме әкімшілігінің айтуынша, бассейн және спа-орталығы жұмыстарын бастамаған. Бұл кешенге мобильді топ «Lounge» бардағы үстелдердің арасын алшақтатуға байланысты ескерту жасады.
Қаскелең шатқалындағы Қасымбекте «Алатау-Маралы» шипажайы да өз жұмысын бастапты. Мамыр және маусым айларында маралдың мүйізін кесетін маусым болса да келушілер қатары көп емес. Адамдар топтасып немесе кезекте тұрып қалмауы үшін алдын ала телефон арқылы жазылудан кейін ғана қабылдайды екен. Адамдардың денсаулығын оңалтуға арналған бұл шипажайда карантиндік режимге дейінде санитарлық талаптардың сақталуы басты назарда болыпты.
«Home Club» ойын-сауық кешеніндегі келушілер қатары да өте көп. Бірнеше бөліктен құралған демалыс орнының әрқайсысын мобильді топ жекелей қадағалады. Тексеру барысында аталған кешеннің аумағында орналасқан ресторанда тамақтанушылар арақашықтықты сақтау талабын ескерусіз қалдырған. Бір отбасының мүшелері деп жиырмаға жуық адам бір үстелдің басына жиналыпты. Ресторан әкімшілігіне ауданның бас санитар дәрігері Нұрлан Кенжебекұлы карантиндік режим кезінде отбасылық жиындарды өткізуге болмайтынын қаулыға сәйкес кеңінен түсіндіріп берді. Сонымен қатар, ғимарат ішіндегі 50 орындықтан өзгесін жинап тастауды тапсырды. Егер де аталған ескертпелер орындалмаған жағдайда, жабылып қалу қауіпі бар екендігінен де белсенді топ мүшелері хабардар етті.
Жалпы, барлық туристік нысандардағы демалушылардың көпшілігі тым бейқам. Қорғаныш заттарын мүлдем ұмытқан. Сақтыққа салғырт қарағандары бірден байқалып, оларға да ескерту жасалды.
Қосымша тағы бір ескеретін жайт, кеше белгілі болғандай, ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы осы туристік нысандарға қатысты шешім шығарды. Яғни, 20-21 маусым күндері ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес Алматы қаласына аумақтық жақын орналасқан туристік аймақтарға кіруге тыйым салынады.
Банктер тексерілді
Өткен аптаның жұма күні мобильді топ Қаскелең қаласының аумағында орналасқан бірқатар банктердегі карантин кезіндегі санитарлық нормалардың сақталу деңгейін тексерді. Алдымен тексерушілер банк кіреберісінде санитайзерлер мен дезинфекциялық құралдардың бар-жоғын тексеріп, қызметкерлерінің температурасын, жазатын тіркеу кітабының болуына назар аударды. Рейд барысында қызметкерлердің бетперделері мен қолғаптарының болуына да үлкен көңіл бөлді. Жоғарыда көрсетілген талаптардың сақталуы бойынша Наурызбай батыр көшесінің бойында орналасқан «Сбербанк» және «TengriBank» мекемелеріне ешқандай ескертпелер айтылған жоқ. Ал, «Халық Банкі», «ЦентрКредитБанкі», «Jysan», «АТФ Банк» ғимараттарында тепловизор жоқ болып шықты. «KaspiBank»-те келушілер көп деген сылтаумен дене қызуын өлшейтін құрал бар болса да, тексеретін қызметкердің орнында жоқ екені байқалды. Сондай-ақ, санитайзерді қабырғаға емес, кіреберіс есіктің тұтқасына іліп қоюына байланысты ескерту жасалды. «АТФ Банк», «ЦентрКредитБанкі», «Jysan» мекемелерінде антисептикалық құралдар тек кіреберісте ғана бар, кассалардың жанында жоқ екендігі бірден көзге түсті. Басты кеңсеге тапсырыс бергендерін айтып, олқылықтың орнын жақын арада толтырамыз деп уәде берді. «ЦентрКредитБанкі», «Jysan» ғимараттарында кварц аппараты орнатылғанын айта кеткен жөн. Ал, аудандық «Қазпошта» мекемесінде қабырғада болу керек санитайзерлер және тепловизор де жоқ болып шықты. Кассада тек бір ғана қызметкер жұмыс істеп отырғандықтан, кезекте тұрған адамдардың арақашықтығына қатысты ескерту жасалынды.
Қаржы мекемелері жоғарыда көрсетілген талаптардың бұзылуына байланысты ескерпелерді жақын арада орнына келтіреміз деген уәделерін берді.
Мейрамханалар мен тамақтандыру орындарындағы жай-күй бақыланды
Карантиндік режим жеңілдетілгеннен бастап тамақтандыру орындарында 50 адамға дейін қызмет көрсетуге рұқсат беріле бастаған. Мұны ірі мейрамханалардың басым бөлігі елу орынға дейін отбасылық жиындарды өткізуге болады деп ұғыпты. Сондықтан осы аптаның алғашқы күні мобильді топ аудан аумағында орналасқан мейрамханаларды облыстық бас санитар дәрігердің соңғы қаулысында көрсетілген алгоритимдермен тағы бір рет таныстырды. Иә, қаулыда көрсетілгендей, ірі немесе кіші тамақтандыру орындарында тек таңертеңгілік, түскі және кешкі ас ішуге болады. Сондықтан белсенді топ мүшелері мейрамханалар әкімшілігіне карантиндік режим аяқталғанша жиын-тойларды өткізуге тапсырыс қабылдамауға, алдын ала алынған ақшаларын қайтаруға кеңес берді.
Сонымен қатар, осы күнгі рейд барысында Қаскелеңде орналасқан бірқатар тамақтандыру орындарындағы санитарлық талаптардың сақталу деңгейі бақыланды. Мәселен, «Дода пиццада» үстелдердің арақашықтығы сақталғанымен, кіреберісте санитайзер жоқ болып шықты. Тек ғимараттың ішінде ғана қойылыпты. Тексере келе мұндағы қол жуатын бөлменің қабырғасына ілінген ылғалды тазалау жұмыстары тіркелетін кестеде алдын ала уақытқа қол қойылғаны көзге түсті. Оған қоса тамақ тасымалдайтын қызметкердің бетпердесіз, қолғапсыз жүргендігіне байланысты ескерту жасалынды. Аталған олқылықтар ретке келтірілмесе айыппұл арқалаулары мүмкін. «Жас» мейрамханасы болса тек түскі ас кезінде ғана жұмыс жасаймыз деп сендірді. Ал, қаптаған үстелдер мен орындықтардың саны 50-ден асып тұрғаны санамаса да белгілі еді. Антисептик құралын әйнек тазалайтын құтының орнына құйып қойыпты. Санитарлық талаптарға сәйкес келмеген олқылықтарға байланысты ескертулер айтылды. Сонымен қатар, мобильді топтың назарына негізсіз жұмыс істеп тұрған мекемелер түсті. Ол: Абылайхан және Б. Момышұлы көшелерінің бойында орналасқан бильярд ойнайтын орындар екен. Облыстық бас санитар дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, ойын-сауық мекемелеріне жұмыс істеуге болмайды. Ал, ол жөнінде аталған нысандардың әкімшілігі хабарсыз болып шықты. Қос мекемеге де мобильді топ мүшелері ескерту берді. Қызметтерін әрі қарай жалғастыратын болса айыппұл арқалау мүмкіндігі жөнінде де айтты.
Кәсіпорындарды аралады
Қарасай ауданында, әсіресе, кәсіпорындар көп орналасқан Елтай ауылдық округінде түрлі бағытта өнімдер шығаратын өндіріс орындары көп шоғырланғаны белгілі. Оның әрқайсысында 300-500-ге жуық қызметкерлер жұмыс істейді. Ережеге сәйкес, онда бір адам коронавирус инфекциясымен ауырған болса, нысандар толығымен каратинге жабылады. Аталған ережелерді тағы бір рет түсіндіру мақсатында мобильді топ осы аптаның сейсенбісінде ірі кәсіпорындарды аралады. Атап айтқанда, Машина өндіру, «ALMATY TANNERY» тері өңдейтін, «Coca-Cola», «Эфес», «Terra Nova» сусын шығаратын зауыттарының, «А-продукт» кондитерлік фабрикасысының санитарлық талаптарды сақтау деңгейлері бақыланды. Кәсіпорындардың басым көпшілігі тағам өндірумен және белгілі затты өңдеумен айналысатындықтан, бұл орындарда карантиндік режим болмаса да, бетперде және қолғаппен жұмыс жасайтынын айта кеткен жөн. Ал, «Coca-Cola» зауыты болса сақтық шараларын күшейткен. Ғимараттың ішінде орналасқан асхана үстелдерінің үстіне, бетперделерінің шешіп тамақтанғанда жақын қарым-қатынаста болмас үшін әйнектер қойылыпты. Барлығының кіреберістерінде күзетші дене қызуын өлшеп қана ішке кіргізеді.Қызметкерлердің күнделікті температурасын медбике арнайы кітапшаға тіркейді. Қабырғаларына сақтық шараларын ескертетін жадынама қағаздары да ілініпті. Бұл нысандарға мобильді топ тарапынан ешқандай ескертулер айтылған жоқ. Тек санитарлық нормаларды сақтау алдымен өздеріне керек екенін түсіндірді.
Мобильдік топ алдағы уақытта аудандағы өзгеде ұйымдарында санитарлық талаптардың қалай орындалатынын жіті бақылауды жалғастыра бермек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.