«Nur Otan» партия-сының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүйелі жұмысын бастаған «Birgemiz» қорының арқасында бүгінгі таңда еліміз бойынша 23 қаладағы 360 отбасы 50 теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды. Бұл көмек бірінші және екінші кезең аясында жүзеге асырылған біржолғы көмек екенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта аталмыш партия көшбасшысының тікелей тапсырмасымен республикамызда бұл қолдаудың үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оған біздің ауданнан осы қаржылай көмекке мұқтаж тұрғындардың да ие болу мүмкіндіктері қарастырылған. «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжановтың айтуынша, тұрғындар арасында аталған бір реттік төлемді алып жатқандар да бар.
– «Birgemiz» қорының атынан көрсетілетін көмекті алу үшін аудан бойынша 3820 адам тізімге бекітілді. Бір айта кетерлігі, төлем бір күнде бірден түспейді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта қала және округтер бойынша жағдайы төмен тұрғындар анықталу үстінде. Соған байланысты қосымша 400-500 адамды тізімге тіркеу жоспарда бар. Осы бағытта қазір жан-жақты жұмыстар атқарудамыз, – деді Қаныбек Құлжабай ұлы.
Қаржылай көмектің тағайындалуы жергілікті әкімдіктердің де атқаратын қызметтеріне байланысты. Олар алдымен белгіленген санат бойынша «Nur Otan» партиясы аудандық филиалына тізім жібереді, кейін бұл мекеме сол адамдарды тұрмыстық деңгейіне қарай сұрыптап, аталмыш партияның облыстық филиалына тапсырады. Тағы бір ескеретін жайт, егер кімде-кім басқа аймақтың тұрғыны ретінде 50 мың теңге көлеміндегі көмекті алып алған болса, бірден тізімнен алынып тасталынады. Ал, кейбірінің есепшоты мен ЖСН нөмірлерінен қателік кеткен жағдайда, өтініш қайтадан қаралады. Осындай өңдеу жұмыстары жүзеге асқан соң, бір реттік қаржылай көмек міндетті түрде тағайындалатын болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.