Туған жерінің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың аттары есте қалады. Олар уақытында көптің игілігі үшін жұмыс атқарып, тынымсыз тіршілікпен біте қайнасты. Елеулі істерінің арқасында халықтың ризашылығына бөленді. Осындай басшылық қызметте болған бірқатар азаматтарымыз егер ортамызда жүргенде биыл кезекті мерейтойларын атап өтер еді…Әрбірінің ел үшін жасаған жақсылықтары мен жарқын жүздері ешқашан ұмытылмайды.
Биыл, 2020 жылы еліне аянбай еңбек еткен біраз азаматтардың мерейтойлары болады. Олар: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 80 жасқа толады, Елбасының сыныптастары – аудандық ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы, марқұм Сайлаубек Қасенбайұлы Қыдыралиевтің туғанына 80 жыл болса, қазіргі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіге Исатұлы Жүнісбеков 80 жасқа толады.
Сондай-ақ, 1970-1983 ж.ж. ауданымызды басқарған Зайко Дмитрий Ивановичтің туғанына (1930-2014 ж.ж.) 90 жыл толады.
Ол ұлты орыс болса да, қазақ тілін өте жақсы білетін еді. Қаскелең қаласына көшіп келіп, пәтерге орналастық, өйткені, мен педучилищеге мұғалім болып кірген едім. Көшіп келісімен пәтер алуға Қаскелең қаласының әкімдігіне (ол кезде қалалық кеңес деп аталатын) өтініш бергенмін. Жыл сайын барып тексергенімде: «Иә, тіркеп қойдық» дейтін. Өтініш бергеніме үш жыл болғанда барып тексерсем, менің өтінішім тіркелмепті.
Ыза болғандықтан ауданның басшысына баруға бел будым. Сенбі күні танертең сағат 8-де ауданның бірінші басшысы Зайко Дмитрий Ивановичтің кабинетінің алдына барып тұрдым. Бір кезде Дмитрий Иванович көтерліп келе жатыр екен, біртүрлі қысылып: «Здравствуйте!» деп едім, «Амансыз ба, халіңіз қалай, кіріңіз» – деді қазақша. Өзінен соң мені де кіргізді. Киімін шешіп ілді де: «Отырыңыз, қандай мәселемен келдіңіз?» – деп сұрады. Ыза болғаннан сөйлей алмай қалдым да, жазып апарған арызымды қолына бердім. Арызды алып 15 минуттай асықпай оқыды да: «Осы жазғаныңыздың бәрі рас па?» – деп сұрады. «Иә, рас» – дедім.
Телефонды ала салып қалалық кеңеске хабарласты да басшысын шақыртты. Ол кезде Қаскелең қаласының басшысы Медеуов Амангелді деген азамат еді. Ол да тез келе қалды.
– Мына кісіні танисыз ба? – деді Дмитрий Иванович.
– Иә, танимын, педучилищенің мұғалімі, – деді Медеуов.
– Неге өтінішін 3 жылға дейін пәтер алу кезегіне тіркемегенсіз? – деді Дмитрий Иванович. Медеуов үндей алмай отырып қалды. Содан соң Дмитрий Иванович:
«Сіздерде «Остронуждающиеся» деген тізім бар, сол тізімге осы кісіні жазыңыз, мен өзім бақылап отырамын. Салынып жатқан үйден 3 бөлмелі пәтер алатын болсын» деді.
Ол кезде, 1980 жылы Төле би көшесіндегі 41-үй жаңадан салынып жатқан еді. Сол жылы педучилище қарайтын Министрлік бір бөлмелі, екі бөлмелі, үш бөлмелі 3 пәтерге қаржы салған еді. Үй бітіп бөлінген кезде барғанда, педучилищеге 3 бөлмелі бір ғана пәтер бөлініпті. Ол пәтер жаңа келген директорға берілді де, мен тағы пәтерсіз қалдым.
Жүгіріп Зайкоға барып едім: «Жақында М.Жүйріктаева көшеді, сол пәтер Сізге беріледі» деді.
Сөйтіп, қазіргі пәтерімді алуға көмектескен Дмитрий Иванович Зайконың еңбегін ұмытпай, балаларыма айтып отырамын.
Марқұм Зайконың топырағы торқа болсын, иманы жолдас болсын. Тірі болса, 90 жасқа келгенін атап, құттықтайтын едім. Осындай қарапайым, халыққа жақын басшылар көп болса, өмір де басқаша болар еді.
Мұны қазіргі жас басшылар осындай адамдардан үлгі алсын деген ниетпен жазып отырмын.
Шара ҚАНАТҚҰЛҚЫЗЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Қарасай аудандық филиалының басшысы.