Осы аптада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қарасайлық жас суретшілер аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ұйымдастырған байқауға қатысып, өнерлеріне сай марапатталды.
Өмірде орны толмас өкінішке соғып жататын өрттің себепкері көбінесе балалардың отпен ойнайтын ойлаусыз қылығы болып табылады. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрттің алдын алу шараларын білім беру мекемелерінен бастауды жөн санады. Осы мақсатпен департамент ауданымыздағы мектептер және балабақщалармен бірлесіп, балалар арасында «Сіріңке – бір өмір құны» атты акция аясында шығармашылық байқауын өткізді. Аталмыш конкурс аясында ауданымыздың кез-келген кішкентай тұрғыны өрттің қауіптілігі және де отпен ойнауға болмайтыны жайлы тақырыпта сурет салып, оны Instagram парақшаларына аудандық төтенше жағдайлар бөлімін белгілеп салу керек болатын. Оған ауданымыздың балабақшалары мен мектептерінің талапкерлері қатысты.
Осы аптаның алғашқы күні, яғни, 1 маусым – әр баланың жылда үлкен қуанышпен күтетін мерекесінде жоғарыда атап өткен конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған балалар марапатталды. Жас жеңімпаздарға мадақтау грамоталары мен сыйлықтарын аудандық төтенше жағдайлар бөлім басшысының міндеттін атқарушы Дамир Қозыбаков тапсырып, балалар мен ата-аналарды мейраммен құттықтап, алғысын жеткізді.
Аталмыш конкурс нәтижесі бойынша 1-орынды Кемертоған орта мектебінің 1 «а» сынып оқушысы Арлан Әділберген мен 2 «л» сынып оқушысы Мерей Әбдімұрат алса, 2-орынды 2 «л» сыныбының оқушылары Бақытжан Арнұр мен Руслан Қажыбеков иеленді. Ал, 3- орынды Үшқоңыр орта мектебінің оқушысы Әйгерім Данияр мен «Сандуғаш» балабақшасының бүлдіршіні Әмина Ізбасқан қанжылады.
Шара соңында ата-аналар мен мектеп ұстаздары осындай байқау өткізіп, балаларға өрттің қаншалықты қауіп болуы мүмкін екенін сурет салу арқылы көрсеткен ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.