Сыбайлас жемқорлық қоғамдық өмірдегі ең қауіпті факторлардың бірі болып табылады. Ол мемлекеттің жалпы ұлттық қауіпсіздігінің жағдайына ғана емес, сонымен бірге, оның барлық құрамдас бөліктеріне де зиянды әсер етеді.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп ысырап қылу, жер телімін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни, мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де баршылық.
Қазіргі таңда қоғамға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр.
Жемқорлықпен қарсы күрес Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде анықталған. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №154 Жарлығына сәйкес 2019 жылғы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамасы жарияланған болатын. Аталған баяндама Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру нәтижелері туралы қоғамды хабардар ету үшін қалыптастырылады. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор мен қоғамдық ұйымдар жұмысының қорытындылары көрсетілген: бірінші тарау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің стратегиялық бағыттары туралы ақпаратты қамтиды; екінші тарау халықаралық және қазақстандық рейтингтер мен зерттеулерге негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы еліміздің ілгерілеуін талдаудан құралған; үшінші тарауда еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі мақсаттары мен міндеттері белгіленген. Сондай-ақ, жаңғыртылған моделі озық әлемдік тәжірибеге сүйене отырып қалыптастырылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі құрылымдық өзгерістер сипатталады; төртінші тарауда Агенттіктің жобалары мен акциялары, қабылданған заңнамалық бастамалар, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою туралы айтылған; бесінші тарауда еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық бастамаларға қатысуы туралы ақпарат ұсынылған; алтыншы тарау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жетілдіруге бағытталған Агенттіктің тұжырымдары мен ұсыныстарын қамтиды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан қылмыстарды болдырмау мен алдын алу баршамызға ортақ міндет болып табылады.
Егер сіздер ұйымдарда, мекемелерде сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қатысты пара, бопсалау фактілері немесе басқа да сыбайлас жемқорлық сипаттағы қандай да бір басқа көріністерге тап болсаңыз, 1424 Call-center нөміріне хабарласуыңызға болады.
Сыбайлас жемқорлық көріністерін жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына айналса ғана, жемқорлыққа қарсы шаралар нәтижелі болары сөзсіз.
Ернар МАҚАЖАНОВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы.