Осы аптаның басында аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы болып, оны кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов ашып, жүргізді.
Жиында негізінен күн тәртібіне қойылған «Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің 11.05.2020 жылғы № 1 «2020 жылға арналған жұмыспен қамту Жол картасын жүзеге асыру барысын қоғамдық бақылау бойынша Алматы облысының комиссиясын құру туралы» шешімі қаралды.
Алдымен аталған шешіммен және ол бойынша жасалған Ережемен жиналғандарды Сағат Ұлтарақұлы жан-жақты таныстырды.
– Бұл қоғамдық бақылаудың басты міндеттеріне, – деді кеңес төрағасы өз сөзінде, – осы орайда бөлінген бюджеттік қаражатты мақсатты пайдаланудың, игерудің тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыру, бұл реттегі азаматтық бастамаларды іске асыру, адамдардың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне сенім деңгейін арттыру, халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту сияқты жұмыстар жатады.
Сонымен қатар, ол осы ретте қоғамдық бақылауға сай құрылған Қарасай аудандық комиссиясының құрамымен, бұл істерді жүзеге асыратын үш жұмыс тобының мүшелерімен және олар қоғамдық бақылау жасайтын объектілермен де кеңінен таныстырды
– Бұл өте маңызды мемлекеттік мәселе, – деді бірінші болып сөз алған кеңес мүшесі Айтбай Көшкімбаев. – Себебі, қазіргідей қиын жағдайда жұмыспен қамту өте өзекті. Сондықтан да аталған Жол картасын жүзеге асыру үшін оған ең алдымен жұмыссыздарды тартуды тиімді ұйымдастыру керек.
– Осы бағыттағы істер өте жүйелі жүргізілуі тиіс, – деді кеңес мүшесі Аян Айтжанов.– Ең алдымен жоспарланған объектілерде істеу үшін басқа жақтардың емес,өз ауданымыздың жұмыссыз адамдарын қамтуымыз қажет. Сондай-ақ, қоғамдық бақылауға барынша жауапкершілікпен қарап, міндетімізді абыроймен атқарайық.
Отырыста басқа да кеңес мүшелері, атап айтқанда, Едіге Жүнісбеков, Сағындық Жылқыбаев, Қаныбек Айтжанов, Орынбай Жәнәділ, Сара Байбосынова және аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаев сөйлеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды, ұсыныстарын айтты.
Отырысты кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов қорытындылады. 2020 жылға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасын жүзеге асыру барысына қоғамдық бақылау жасайтын жұмыс топтарының құрамы бекітілді, басқа да тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.