Елімізде орын алған індеттен сақтық шаралары негізінде өзге мекемелер сияқты музейлер де өз қызметін қашықтықтан көрсете бастады. Жұмыс жоспарына да өзгерістер енді. Жоспарланған шаралар алыс қашықтықтан өтетін жұмыс түрлерімен ауыстырылды: виртуалды экскурсия, онлайн көрме, бейнежазба көрсетілімдер мен бейнедеректер және т.б.
«Батыр бабалар» мемориалды музейінің ұжымы алғашқы күннен жағдаятқа сәйкес іс шараларды бекітіп қана қоймай, тың бағытта жұмысты бастап та кетті.
Індет апаты дүниежүзілік ауқымда белең алып отырғандықтан, музей ұжымы ерлік пен елдіктің, патриотизм мен азаматтықтың, ұлттық рух пен еңбектің шынайы көрінісі боп табылатын «Батыр бабалар» мемориалды музейдің қамтитын тақырыптары аясында және музей экспонаттары негізінде қарқынды жұмыс жүргізу жоспарланып, сынақты сәттерде елдік пен ерлік рухын үстеуді мақсат тұтты. Бұл туралы үстіміздегі жылдың 31наурызы күні әлеуметтік желіде хабарлама жарияланып, онда: «Құрметті достар! Әлем бойынша белең алған COVID-19 коронавирустық індетінің таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайға байланысты «Батыр бабалар» мемориалды музейі өз жұмысын онлайн түрде жалғастыратын болады» дей келе, алдағы уақытта музей парақшасында бабалардың ерлік рухын танытатын «Есімі ұрпаққа ұран батырлар», Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жетісудың жеңімпаз батырлары», «Бір экспонат сыры» айдарымен материалдар жарияланып, түрлі тақырыпта виртуалды экскурсия, бейнежазба көрсетілімдер, онлайн көрмелер т.б. шаралар әлеуметтік желі көрермендері назарына ұсынылып отыратын жөнінде айтылды.
Сол кезеңнен бері «Бір экспонат сыры» айдары бойынша бірегей артефакттер – XYIII ғасырға тән, бірегей құранды ер тұрман (тапсырушының мәліметі бойынша), Бопай ханымға тиесілі қылыш туралы «Жетісудың жеңімпаз батырлары» айдарында И.Т. Керімтаев, Н.А. Үмбетаев, М.Шпекбайұлы, Ж. М. Шпекбаев, тағы басқа ардагерлер туралы жазбалар жалғасын табуда.
14 сәуір күні «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Рухани жаңғыруды іске асырудағы мәдени орталықтардың ролі» атты тақырыпта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және болашақтағы жоспарлар туралы өзекті мәселелерге негізделген онлайн сұхбат өткізілді. «Атамекен» орталығының ғылыми қызметкері Н.Нұрбергенұлы жүргізген сұхбатқа «Батыр бабалар мемориалды музейінің» меңгерушісі міндетін атқарушы О. Т. Әлім қатысты.
Әлеуметтік желі көрермендерінің сынақты сәттердегі патриоттық рухын көтеруді, қолдау көрсетуді мақсат тұтқан музей қызметкерлері «Ер қаруы – бес қару», «Есімі ұрпаққа ұран ерлер» топтамасы бойынша Райымбек Түкеұлының 315 жылдық мерейтойы аясында «Елдік шежіресі: Райымбек батыр», 7 мамыр ҚР Қарулы күштерінің құрылған күніне орай «Ел ертеңі – Ұландар» тақырыптарында виртуалды экскурсияларды көрермендер назарына ұсынды.
Ұлы Жеңіс мерекесінің 75 жылдығына ерекше дайындық жасап, музей ұжымы көрермендер назарына музей экспонаттары негізінде «Отан үшін от кешкендер» тақырыбында онлайн көрме ұсынды. Көрмеге жеке жауынгерлер архивінен алынған әскери киімдер, майдан кезіндегі, кейіннен берілген мерейтойлық орден медаль және өзге де марапаттар, соғыс кезінде тұтынған төлқұжаты және басқа да ресми құжаттары, майдан алаңынан табылған жауынгерлердің әскери тұрмыстық бұйымдары, фото, портреттер мен соғыс тақырыбына салынған жергілікті өңірдегі қылқалам шеберлерінің (Ә.Искаков «Блиндажда», А. И. Беседин «Радист З. Досбергенованың портреті», А. Манапов «Оралу») картиналары қойылды.
Таныстырылым формасы заманауи АКТ мүмкіндіктері негізінде, әдеби тарихи мәліметтермен толықтырылған танымдық ақпараттық мазмұнды қамтыды. Әскери киім экипировкасындағы шинель, плащ палатка, әскери белбеу, командир сағаты, касканың бастау алған тарихи негізі туралы қызықты ақпараттар берілді. Соғыс жауынгерінің сырнайын таныстыру кезінде «Жас қазақ» (жауынгер, сазгер Р. Елебаев) әнінің шығу тарихына тоқталып өтіп, ән үзіндісі келтірілді. Сталинград шайқасының ерлері, әкелі балалы Мұсахан Шпекбайұлы мен Жатқанбай Мұсаханұлы Шпекбаевтардың майдан жолы, тағдыры тыңдағанды толқытпай қоймасы шындық. Бұл тағдыр шежіресінде соғыс өрті шарпыған әр шаңырақтың тағдыры, әр азаматтың арманы мен әр әулеттің ерлік шежіресі бой көрсетеді. 484 телеграф құрылыс ротасының жауынгері А. Қасымбекұлының соғыс және еңбек майданындағы даңқты жолы да майдан соқпағымен жүріп өткен 1 млн 200 мыңдай қазақстандықтың өмірінің бір үзігіндей.
Көрмеде Шығыс Қазақстан өңірінінің жауынгері Рақымжан Исиннің майданнан жазған хаты негізінде «Үшбу хат сыры» атты зертханалық танымдық жұмыс үлгісі ұсынылды. Онда үшбұрышты хатты даярлау, дала поштасы мекенжайын және хат мәтінін жазу, үшбу хаттың өзіндік ерекшелігі түсіндірілді.
Музей өз жұмысын тың дәстүрде жалғастырып, адамзат қуатының алып қайнар көзі болып табылатын рухтандыру арнасын берік ұстауды көздеуде.
А. ҚАСЫМБЕК,
«Батыр бабалар» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері.