Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы мәлімдемесімен де зейін қоя танысып шықтым.
Президентіміз дүниежүзіне кеңінен тарап, әр елдің де халқына үлкен қиындық туғызып отырған аты жаман індеттің алдын алуы, соған байланысты жасалып жатқан әлеуметтік шаралары жайында жан-жақты баяндаған. Сонымен қатар, Үкіметке облыс, аудан басшыларына осы бағытта адамдардың ауыр жағдайын жеңілдетуге арналған нақты тапсырмаларды берген.
Ел-жұртты да шыдамды, төзімді, сабырлы болуға шақырған. Қазақстан бойынша төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығарғанын айтқан.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысы ретінде шығарып отырған шешімдерін бәріміз де толық қолдаймыз. Соның арқасында елімізде ешкім де қиындықта қалдырылып жатқан жоқ.
«Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті, – дейді Президентіміз. – Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Елдің қамы үшін істеген ісіміз қайырлы болады деп сенемін!»
Халқымыз да бұған толық сенеді!
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.