«Елді сүйсең, ерлік істейсің» демекші, ел басына күн туған шақта әскери есептегі тұрған азаматтардың абыройлы міндеттері керек екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің Қаулысы бойынша әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру басты назарға алынды. Осындай жауапты іске бел буған ерлердің арасынан Алматы облысы бойынша қарасайлық азаматтар алғашқылардың бірі болды. Осы аптаның алғашқы күнінде олар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің алдында сап түзеп, қалтқысыз қызметке сақадай сай екендіктерін айтып, «Біз біргеміз!» деп ұрандатып белсенділіктерін танытты.
200-ден астам өтініш білдірген әскери міндеттілердің ішінен 78 азамат денсаулықтарының жарамдылығы мен отбасылық жағдайларына байланысты арнайы іріктеліп алынды. Барлығы да өз еркімен келген айбынды азаматтар деуге әбден негіз бар.
– 2016 жылы Мақаншыдағы 2086 әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтедім. Бүгінгі таңда Құмарал ауылының тұрғынымын. Халыққа қызмет ету мақстатында, сонымен қатар, тәртіп сақшыларына көмегімді тигізу үшін өз еркіммен келдім, – дейді әскери міндеттілердің қатарындағы Ербол Азатов.
Осылайша ел үмітін ақтайтын ерлеріміз аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тізім бойынша түгенделіп, Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тұрақтады. Өйткені, дәл осы орталық азаматтарымыз үшін арнайы казарма ретінде жабдықталған. Келе сала әрбірі құжаттарын өткізіп, әскери формаларын түгендеп, темірдей тәртіпке қайта оралды.
Жалпы, бұл қатардағы ер-жігіттерді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арнайы жасақтаса, олардың жатар орны мен тамақтануы және басқа да қаржы жағына қатысты мәселелерді облыстық бюджет тарапы қамтамасыз етуде екенін айта кеткен жөн.
Азаматтардың барлығы да аудан бойынша іріктеліп алғандықтан, бір ортаға топтастырылды. Енді олар алдағы күндері індет анықталған карантин аймақта жүргендіктен, басқа адамдардың қауіпсіздігі үшін осы казармада мекен ететін болады. Ал, ерлердің осы уақыт аралығындағы міндеті жайлы Алматы облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс істері жөніндегі көмекшісі Асқар Ниязов қысқаша айтып берді.
– Карантин жарияланған «Асыл Арман» ТК-де әскери міндеттілер полиция қызметкерлері сияқты блок-постарда сақтық шараларын қадағалайтын болады. Бұл азаматтардың барлығына заңның талабына сай әскери жиын аяқталған соң жалақы төленеді. Яғни, олар жұмыс орнынан әкелген анықтамаларына байланысты айлықтарын алады, ал, жұмыссыздарға ең төменгі жалақы мөлшерінде төленеді, – деді А.Ниязов.
Ұландарымыз келесі күні атап айтылғандай, 14 күн карантин жарияланған «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде арнайы сап түзеді. Одан кейін осы аймақтағы тәртіпті қадағалау үшін бес топқа бөлініп, міндеттеріне кірісті. Әскери азаматтардың жұмыс тәртбіне келер болсар, енді олар тәулік бойы екі ауысымда, яғни, 8:00 және 20:00 уақыттарына сәйкес қызмет ететін болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.