Оның адамның жан сарайын ашатыны туралы ой-толғамдар
Абайды қазақсыз, қазақты Абайсыз елестету қиын.
Өз айтарын «Жүрегімнің қуаты, Перзенттерім!» – деп бастайды Абай бабам. (38-қара сөз)
Біз үнемі ақылшымызға, ұстазымызға, сырласымызға, жанашырымызға, бауырымызға айналған, бүкіл бір ұлттың рухани әкесіндей болып кеткен «Абай бабамыз айтқандай» деп сөйлейміз.
Абай шығармалары барлық адамзатқа ортақ. Абайдың мұраты – адамды адамгершілік, кісілік жағынан жетілдіру арқылы қоғамды жетілдіру, қазақ қоғамын мәдениетті елдер қатарына қосу. Абай «Кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты жоқ» деп, адам болам деген кісіге бес дұшпан мен бес досты ажыратуды міндет етеді.
Өз халқын дұрыс жолға қою үшін білім қажет екенін:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын біле тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма
Қолымды мезгілінен кеш сермедім,
– деп мойындайды.
Кітап – Абай өмірінде үлкен орын алады Қазіргі заманда «Жұмыс көп, кітап оқуға уақыт жоқ» деген сылтауды көп естисің. Кешегі аға ұрпақтың қай-қайсысының өміріне қарасаң – білімді кітаптан алған. Ертегі, қиссалардан, аңыз-әңгімелерден алып көкіректеріне түйген. Қазіргі уақыттағы қайратты ер азаматтар тәшке сүйреп, кезінде оқымай, еңбек етпей кержалқау болып қалғандар. Базарға барсаң «Отойди, дай дорогу!» дегеннен басқаны білмейді… ХХІ ғасыр – ақпараттар ғасыры. Бірақ, небір мол байлық кітапта, кітапханаларда жатыр.
…Қазір жоғарғы оқу орындарында студенттер әрбір семестр сайын алған мамандықтары, өмір түсініктері жайлы шығарма жазып тұрса. Өз ойын сауатты жазып шыққан адамның ойы мен мәдениеті, өз мамандығына сүйіспеншілігі білінер еді. Ал, жоғарғы лауазымдағы адамдарға Абай туралы шығарма жаздырса не болар еді?!
Абай барша адамзатқа ортақ мұра қалдырды. Абай шығармаларынан жақсылық пен жамандық, әділдік пен қиянат, махаббат пен зұлымдық, өмір мен өлім… тіршіліктің мәңгілік сауалдарына жауап табуға болады.
Абай халқының жарқын болашаққа ұмтылғанын қалады, сондықтан өз тұсында ащы шындықты ашып айтты, ашына сынады.
Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап…
Бұл пара беріп, билікке қолы жеткен екі жүзді жемқор болыстың бейнесі. Улы, ащы тілмен шенеп, сықақ етеді. Ең үлкен қылмыс – кісінің кісіге істейтін қиянаты.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз, – дейді.
Осы бес дұшпан қазіргі ХХІ ғасырда да соңымыздан келе жатыр. Қоғамды алға бастырмайтын бір амал ол.
Өсек – адам мен өзге адам арасындағы қарым-қатынасты құртатын ең жаман әрекет. Пенде өсек айтады, өзгеге айтып барады, оны тыңдайды. Сондықтан өсектің өмірі ұзақ. Өсек арқылы адам өзінің ең төменге құлдырағанын ұмытады.
Халқымыздың ұлы ойшылы, қазақ поэзиясын шыңына шығарған кемеңгер ақын Абай бар болғаны 59 жыл өмір сүрді.
Абайдың қара сөздері екі ғасыр бойы руханиятқа қызмет етуде. Бірақ, қазір де ұлы Абайдың қара сөздеріне сүйенеміз. Ақыл-ойға салып, болашақ өмір сүру жолдарын болжай аламыз.
Өйткені, ақын адам бойындағы қасиеттерді саралап берді.
Ұлы ақын нені айтады? Нені болжайды? Сол себепті қара сөздерін талдай келе олардың қазіргі ХХІ ғасырға да лайық екеніне көзіңіз жетеді.
Адам өмірінің негізгі мақсатына жету үшін білім керек. Рухани білім, жан, табиғат, жаратушы, ой-сананы алып тастасақ, ол материалдық білім болады. Материалдық білімде жаратушыны қарастырмайды…
38-қара сөзінде: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сендер білімді алдымен ата-аналарыңнан, ортаңнан, ұстаздарыңнан алыңдар. Ол үшін махаббатпен оқып, ұғып алуларыңызға болады. Махаббат – әуелі адамның адамдығы. Талап пен ұғым да махаббаттан шығады» дейді ол.
«… Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі надандық, екінші – еріншектік, үшінші – зұлымдық.
Надандық – білім, ғылымның жоқтығы.
Білімсіздік – хайуандық.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны.
Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» дейді тағы.
Ал, «Ғылым-білімді қалай меңгеруге болады?» деген сұраққа өзі жауап береді.
«Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі таппайды. Балаға ғылымға қызығушылықпенен үйір қылу керек» деп ойының мәнін ашады.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз… дегенді де айтқан Абай.
«Қашан бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонда ғана Аллатағаланы танымақтық, өзін танымақтық, білім-ғылымды таниды. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – ақиқат. Ғылымсыз ахрет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған кажы ешбір ғибадаттарына бармайды.
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы жаманды таниды. Көргені көп болған адам білімді болады.
Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаманнан сақтанса, сонда іске жарайды.
«Сөз танымайтын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққаны жақсы» деген ой тоқтамға келеді. Абайдың бұл пікірлері «Жаңбыр жаумаса жер жетім, бастаушысыз ел жетім, тыңдаусыз кеткен сөз жетім» дейтін қазақтың айтқанымен үндеседі.
«Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір өзіңнен-өзің есеп ал. Сол есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткізгенің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңді өзіңе өкінбейтіндей өткізіпсің. Өзіңе есеп бер» деп тағы толғанады.
Көңілге түйген көрікті ойды мақал-мәтел етіп өрнектейді. Соның негізінде көп нәрсеге тоқталып «Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол», «Қайғысыз адам – ойсыз жан. Қайғыны ойламаған қуана да білмейді. Қайғы мен қуаныш егіз ұғым» дейді де қайғыру да, қуану да да тегі болу керек екенін айтады.
Қазіргі жағдайда түрлі апатты (су тасқыны, өрт, жарылыс) жағдайлар жиі болып тұрады. Адам басына түскен қайғыға жақ болып, қолымызды созбасақ, адамгершілігіміз қайда?
«…Бағың өскенше тілеуіңді ел тілейді, өзің тілейсің. Бағың өскеннен соң өзің ғана тілейсің» деген ой түйеді. Шынында да, бақты өсіруші өз еңбегің, тілеуқор (ата-анаң, мектебің, ұстазың, туған-туысың, елің). Бірақ, солай болып тұра бермейді. Басыңа бақ қонған соң өзгеше заңдылық пайда болады. Өйткені, сен елдің алдына шығып кетесің. Басыңа бақ қонғанда ісіңе жауаптылықты талап етеді. Жанашырың да, сүйенішің де артта қалады. Сондықтан:
Өзіңе сен,
Өзіңді алып шығар
Ақылың мен еңбегің
Екі жақтап,
– деп жауабын өзі айтады.
Әрбір ата-ана баласының білімді болуын тілейді.
«Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» деген осы орайда Абай.
Қалай мал табамыз? Сондықтан кәсіп қыл, кәсіп – әркімнің қолынан келе бермейді. Сол себепті жастардың бірсыпырасы бүгінде бос жұмыссыздың санын көбейтуде.
Ендеше, жастардың өзінде сана болып, ертерек «Еңбек етсең, қара жер де құр қоймайды» деп тәрбиелеу қажет.
Қазақ неден азады? Бұл ретте «Ақылсыздығынан азбайды. Ақылдың сөзін ұғып жүректе жігер, қайрат болмаусыздықтың жоқтылығынан азады» деп өз жауабын айтады.
Ол шындық, қазіргі жастарда білім, ақыл жоқ дей алмайсың. Бірақ, сол білімді керегіне жарата алмай, еңбек етпей, жігерсіз, қайратсыз, тұрақсыз пайдалана алмауында. Хакім Абайдың бұған жауабы: «Әуелі Құдайға сыйын, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де құр тастамайды». Осыны тыңдаймыз ба? Жоқ.
Жамандыққа бір ілігіп алған соң бойын жинап алып кетерлік қайратты таппаймыз.
Абайды әрдайым оқу қажет!
Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы.
«Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасыр бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген болатын Елбасы Н.Назарбаев.
Жүрегімнің түбінде терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
– деп Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл жарқын болашаққа сенімді жол салу еді.
Иә, Абай шығармалары барлық сұрақтарға жауап береді!
АқылияБЕКБАЕВА,
аудандық Әжелер алқасының
төрайымы, ардагер ұстаз.