Осы аптаның сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы қызметшілері «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 1-қазан «Қарттар күніне» арналған «Қарттарым, аман- саумысың» атты акциясын ұйымдастырды. Оның мақсаты ұрпақтар сабақтастығы мен диалог алаңын қамтамасыз ету, қоғамда ынтымақтастықты, патриотизмді, қарт адамдарға және дәстүрге деген құрметті күшейту болатын. Бұдан бөлек, ауданымыздағы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің тұрмыс жағдайларымен танысып, үй шаруасында жәрдемдесу еді.
Аталмыш іс-шара барысында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Елбасының сыныптасы Сайлаубек Қыдыралиев пен аудандық орталық аурухананың дәрігерлері ғасыр жасаған қарасайлық ақсақал, Ұлы Отан соғысының ардагері, Елбасының ұстазы Сейітхан Исаевқа барып, қал жағдайын біліп қайтты. Сонымен қатар, акция аясында ардагер ақсақалға тегін медициналық тексеру жүргізіліп, азық-түлік толтырылған себет табысталды. Сейітхан Ахметұлын қарттардың төл мерекесімен құттықтаған Ықылас Еркінұлы бүгінгі таңда Қарасай ауданында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің барлығын аудандық партия филиалы мен жергілікті БПҰ-ның қамқорлығында екенін тілге тиек етті.
Жалпы, партиялықтар «Қарттарым, аман – саумысың» акциясының аясында арнайы кесте жасап, сол бойынша аудан көлемінде тұрып жатқан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлерін үнемі аралап тұрады. Оларға түрлі қажетті көмек көрсетіліп, әлеуметтік қызметкерлерге дейін бекітілген. Мұндай ізгілікті шараларға ардагерлер де ризашылықтарын білдіруде.
Ералы Рахметқожаев.