2020 жылдың 17 ақпанында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның алдын алуға қатысты шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды. Осыған сәйкес, ақпанның 20-нан бастап, Қытайдан келген Қазақстан азаматтары ауруханада оқшауланып, 14 күнге карантинге жіберіледі.
Алдағы уақытта 10 күн бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша ақ халаттылардың қатаң бақылауында болады. Тексеру кезінде ауру белгілері байқалған науқастар бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылып, 14 күн бөлек бөлмеде оқшауланады. Сонымен қатар, олар мінген көліктер міндетті түрде залалсыздандырады.
Айта кету керек, Алматы облысында індетке қарсы күрес шаралары мықтап қолға алынған. Қытай аумағына жақын Алакөл, Ұйғыр, Панфилов аудандарында коронавирустық инфекция анықталмаған. Сондықтан, алаңдауға еш себеп жоқ.