15 ақпан – Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққан күні. Социалистік және капиталистік жүйенің басқыншылық саясатының кесірінен Ауған жерінде соғыс өрті бұрқ ете түскені белгілі. Сол сұм соғысқа Қазақстаннан 22 мың жауынгер қатысса, олардың қатарында 373 жерлесіміз бар еді. Қанды шайқаста 14 жауынгер қаза болып, ал, 20-сы елге оралған соң көз жұмғанын айта кеткен жөн. Сол бір қанқұйлы соғыстың кесірінен көптеген отбасы қайғы шекті. Аман келгендерінің көбісі денсаулықтарынан айырылып, көптеген қиыншылықтарды бастан кешірді. Бүгінгі күні ортамызда жүрген Ауған соғысы ардагерлері, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеу жолында бар күш-жігерлерін жұмсап, аянбай еңбек етіп жүр. Сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгерлердің ерлігі қашанда ұмытылмайды.
Сол жылдардағы сұрапыл соғыс кеңес жауынгерлері үшін жүрекке жазылмастай жара қалдырғаны баршамызға мәлім. Ал, осы күні еліміз бойынша аталмыш қанды қасапта қаза болғандарды ардақтап, еске алу үшін жыл сайын түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлермен кездесулер өткізіліп тұрады. Біздің ауданда да бүл үрдіс әр жылы жалғасуда.
Мәселен, биыл да Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген сарбаздардың ерлік рухын құрметтеу үшін аудан және қала әкімдіктері арнайы басқосу өткізді. Ерекше жиынға аталған соғыс ардагерлерімен қатар, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай, Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев та қатысты. Ауыр күндерде ерлік пен қайсарлықты көрсеткен сарбаздарды құрметтеу үшін Ауған және Ұлы отан соғыстарының ардагерлеріне арналған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.
Жиынды ашқан қала әкімі Асқар Өкенұлы гүл қою рәсімі қанды қақтығыста қаза болған жерлестеріміздің құрметіне арналып отырғанын жеткізді.
– Ауғанстан – жүректегі жазылмас жара. Отан алдындағы борышын адал орындаған, жауынгерлердің патриоттық сезімі мен ерлігін жас ұрпақ бойына сіңіріп, үлгі етуі тиіс. Әр азаматтың парызы – елін сүйе білу, қорғау, оның гүлденіп, дамуы үшін адал еңбек ету. Жұртымыз тыныш, бірлігіміз берік болсын, ынтымағымыз арта берсін! – деді қала әкімі.
Сөз кезегі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Бекмырза Жүсіп және аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сәбит Пішембаевқа беріліп, олар ауған соғысының аяқталғанына 31 жыл уақыт өткенін және 10 жылға созылған сол бір сұрапыл соғыста қаза тапқан боздақтарымыздын есімдері мен ерліктері ешқашан да ұмытылмайтындығын айтты. Қанды шайқаста құрбан болған боздақтардың есімдері ешқашан естен шықпайтынын, олардың рухын құрметтеп, арамызда жүрген ардагерлерді ардақтау бүгінгі ұрпақтың адамгершілік парызы екенін жеткізді
Елім деген ерлердің еткен еңбектері ескерусіз қалмай, бірнеше ардагерге аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының атынан Алғыс хаттар салтанатты түрде табыс етілді. Еске алу кешінің соңы ұйымдастырушылар мен ардагерлер емен-жарқын әңгіме айтқан жылы жүздесумен түйінделді.
Б. ОРЫНБАСАР,
газет тілшісі,
Г. КЕРТАЕВА,
Қарасай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының көмекшісі.