Кешегі кеңес өкіметі кезінде КСРО деген алып мемлекет, шын мәнінде, барлығымыз үшін ортақ Отанымыз болды. Оны бәріміз жаудан қорғадық, құрамындағы он бес республиканың азаматтары, біртұтас халық ретінде, ел мүддесіне қатысты аса маңызды істерге белсене қатысып, жұмыла жұмыс істеді. Бірге өмір сүріп, бірге еңбек етті, бір ауаны жұтып, бір тәртіппен жүрді. Бұл – тарихи шындық.
Он жылға жуық уақытқа созылған ауған соғысы жайында айтқанда да осындай ой түюге болар еді.
1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіргізіліп, сондағы соғысқа араласты. Сол жақта 22 мың қазақстандық жауынгер от пен оқтың ортасында жүрді. Сөйтіп, өздерінің интернационалдық борышын адал атқарды.
Әрине, ауған соғысында көптеген қазақстандықтар қаза тапты, жараланып қайтқандары да жетерлік. Бұл барлық әділетті, әділетсіз соғыстарға да тән қасірет. Бірақ, біз ол жақтан оралмағандардың рухтарын ардақтап, еш уақытта ұмытпауымыз керек, ерлік істерін үнемі үлгі етуге тиіспіз. Ауған соғысына қатысқан қарасайлық ардагерлер де әрдайым құрметке ие. Олар жас ұрпақты отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге үлкен үлесін қосуда.
Биылғы 15 ақпанда КСРО әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толып отыр. Бұл күнді жыл сайын елімізде кеңінен атап өту дәстүрге айналған.
Құрметті ауған соғысының ардагерлері, бәріміз үшін айтулы күн құтты болсын! Аман болыңыздар, егемен еліміздің игілігі үшін еңбек ете беріңіздер!
Жандарбек ДАЛАБАЕВ,
Қарасай ауданының әкімі.