Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толады. Осы айтулы мереке қарсаңында еліміз бойынша «Біз – жеңістің мұрагерлеріміз!» атты еске алу эстафетасы бастау алды. ҚР Ұлттық ұланы әскери бөлімі ұйытқы болып отырған игі шара өткен аптаның сенбісі күні біздің ауданда да өткізілді.
Жалпы уақытқа бағынбайтын, адамдардың жадынан өшпейтін кезеңдер, үлкен оқиғалар болады. Майдан алаңында миллиондаған жауынгердің жанын қиған, тылда тынымсыз еңбек етуге мәжбүрлеген Ұлы Отан соғысы осылардың қатарына жатады. Иә, уақыт өте келе бұл соғыс тарих қойнауына кеткенімен, ол туралы естеліктер ешкімнің санасынан өшкен емес. Міне, биыл осы адамзат тарихында терең із қалдырған сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл толады. Осы ретте Ұлы Жеңістің мерейтойына байланысты қазақстандық жауынгерлердің Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігіне, құрбан болғандарының рухына құрмет көрсету, патриоттық, моральдық-адамгершілік құндылықтарды көтеру мақсатында еліміз бойынша 5 ақпан мен 5 мамыр аралығында «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты эстафета ұйымдастырылады. Өткен аптаның сенбісі күні аталмыш әскери іс-шараны салтанатты түрде біздің қарасайлықтар да қарсы алды. Аудандық Мәдениет үйінің алаңында өткен маңызды шараға аудан әкімінің орынбасарлары, ардагерлер, ауданымыздағы барлық құқық қорғау және қорғаныс органдарының өкілдері, зиялы қауым мен жастар қатысты.
Салтанатты рәсім алдымен Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.Панфилов атындағы Қызыл тулы, Суворов және лениндік Режицкий орденді 8-ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының жауынгерлік Туы көшірмесін Алматы қаласы №28237 әскери бөліміне қабылдауымен басталды. Мұнан кейін ортаға ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтар жұмысы жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхамедқали Сатов шығып, жиналғандарды құттықтай келе, 1945 жылдың мамырындағы Жеңіс – бұл ынтымақтың, Отанға, еліне деген шексіз адалдықтың белгісі екендігін атап өтті.
– Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақстандықтар майданда ерлік пен батырлық танытты. Мәскеу түбіндегі шайқастағы отандасымыз, 316-шы атқыштар дивизиясы батальонының командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының ерлігі керемет! Соғысқа қатысқандардың барлығы жеңіске үлкен үлес қосты, өздерінің батырлығымен және Отанға деген адалдығымен жеңісті жақындатты, – деді Садық Құсайынұлы. Сондай-ақ, осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың Отанға, елге деген патриоттық сезімін оятып, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған жауынгерлік туларын қадірлеп, қастерлеуіміз керектігін де тілге тиек етті.
Генерал-майордан кейін аудан әкімінің орынбасары Қанат Айманов сөйлеп, аталмыш эстафетаның біздің ауданымызға да келгеніне қуанатынын айтты. Аталған шарада белсенділік танытқан қатысушыларға алғысын білдіріп, бүгінгі бейбіт өмір үшін ажалмен бетпе-бет арпалысқа түсіп, бойындағы қасық қаны қалғанша туған елді қорғаудың өшпес үлгісін көрсеткен майдангерлердің ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын және де жеңімпаздар рухына тағзым ету отаншыл да ұлтжанды ұрпақтың парызы екеніне тоқталды. Сонымен қатар, генерал-майор И.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағат Мәсімақынов пен аудандық полиция ардагері, запастағы полиция подполковнигі Бекболат Сарбазов сөйлеп, бұл жеңіс Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, қажыр-қайраттың дәлелі екенін айтып, осы ретте арын байрақ, намысын найза еткен аға буынның жеңіс туын желбіреткен қаһармандығын кейінгі ұрпақ әркез мақтан етіп, мәңгі үлгі тұтуы керектігін жеткізді. Мұнан кейін жиналған жұрт сұрапыл соғыста қаза тапқандардың суретін ұстаған әскерлердің шеруін тамашалады. Шеруден кейін барлығы Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған көрмені аралап, соғыс уақытында жауынгерлердің оттың қасында домбырамен ән айтып, демалып отырған кездерін бейнелеген көріністерін тамашалады. Сондай-ақ, көрмеге Кеңес Одағының Батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері Бауыржан Момышұлы мен соғыс кезінде әскери тілші болған Александр Бектің кітаптары да қойылыпты.
Бұдан кейін жиналғандар көрермендерге арналған залға кіріп, онда Ұлы Отан соғысы жайында бейнеролик көріп, соғыс кезінде қаза болған майдангер жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Тағылымы мол бұл шара әрі қарай аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде жауынгерлердің жүрегінен орын алған, санасында жатталып қалған, жеңіске шабыттандырған махаббат пен бейбітшілік туралы туындылар орындалды. Сол әндердің ішінде қазақ және орыс тілдеріндегі барша жұртқа танымал «Темная ночь», «Зеленый цвет твоих любимых глаз», «Ел қорғаны», «Нам нужна одна победа», «Смуглянка», «Жеңіс күні», «Әлия» әндері болды. От пен оқтың, өмір мен өлімнің арасындағы жағдайды суреттеп, сол бір қиын-қыстау күндерін жеңілдетіп, рух беріп, қанаттандырған әр ән кеш қонақтарының құлақтарының құрышын қандырып, оларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Осылайша, қарасайлықтар «Біз – жеңістің мұрагерлеріміз» атты еске алу эстафетасын қабылдап, оны әрі қарай тиісті жеріне салтанатты түрде шығарып салды.
Бейбіт өмір үшін кеудесін отқа тосқан бабалар рухына тағзым етіп, осындай игі шара арқылы жастар санасына отансүйгіштік сезімін сіңіруді мақсат тұтқан эстафета әрі қарай еліміз бойынша 11 мың шақырымды еңсеріп, республикалық маңызға ие 3 қаладан, облыстық деңгейдегі 14 қаладан және шағын 7 қаладан өтетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.