Әсілінде, әлем жүгін әдемілік емес, ар мен ұят, ілтипаттылық пен ізгілік арқалап тұрса керек-ті. Сол қасиет біздің ұлтымызға сүтпен бірге сүйекке сіңіп, мейірімділік мерейімізді үстем еткен елден екенімізді ұғындырады. Ұлттық кодтың ұлылығы да осында! Жадымыз жаңғырып, Жастар жылы жағымды жаңалықпен жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Осы ретте біз де ауданымыздағы еріктілер жайлы жазсақ деп ұйғардық.
«Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді» демекші, пенде атаулы қиындыққа тап болғанда өзгелерден көмек күтеді. Халі мүшкіл жандарға қолдан келгенше қайырымдылық жасап, барыңмен бөлісу – имандылықтың белгісі. Мұндай қасиеттерді бойға жиған ақ пейілді адамдар айналамызда аз емес. Солардың бірі – Әлия Сәтпаева. Редакциямызға кірген беттен оның жүзінде жылылықтың лебі есіп тұрғанын байқадық. Ашық жарқын мінезі, ақ пейілі мен мейірімі сыртқы келбетінен-ақ көрініп тұрды.
Білмейтіндер үшін кейіпкерімізді таныстырып өтсек… Әңгіме арқауына айналған Әлия Елтай ауылының тұрғыны. Ару қыз Алматы қаласының тумасы. Жолдасы Әсетпен оңтүстік астанада танысып, шаңырақ көтерген. Дегенмен, өмірдің қай арнаға бұратыны белгісіз емес пе? Жолдасымен екеуі ауданымыздан жер алып, үй салған соң осы аймаққа қоныс аударады. Міне, нұрын шашқан ізгіліктің ұшқыны осы ауылдан басталыпты. Қазіргі таңда ол округ тұрғындары үшін қайырымдылықтың қайнар көзіне айналып отыр. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға азық-түлік және киімдер алып беруге жәрдемдеседі. Алғашында бұндай іспен айналысымын деп мүлдем ойламапты. Бірінші маусым – Балалар күнінде көршісінің балалары балмұздақ алып беруін өтінгенде, әкесі әпере алмайтынын айтады. Оны естіген Әлия дүкенге барып екі қорап балмұздақ алып, жаңағы бүлдіршіндерді ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін көшенің барлық балаларына таратып береді. Мінекей, дәл осы оқиға алдағы үлкен істің басталуына түрткі болған. Сөйтіп, өз ауылындағы жағдайы төмен, әсіресе, көп балалы отбасыларға көмек көрсетілуіне ықпал болады. Аталған жанұялардың барлығын тізімге тіркеп, қажеттіліктерін анықтайды. Жиналған қаржылай және заттай берген қайырымды жандардың аманатын бейсенбі және жұма күндері кезекке сәйкес апарып отырады. Олардың кейбірі жалдамалы үйде тұратын болғандықтан, пәтерақысын да төлеуге көмектесіп жатады.
Уақыт өте келе Әлия «Бірінші елтайлық» (Первый Ельтайский) атты әлеуметтік желіде парақшасын ашып, көмекке зәру отбасылардың жай-күйімен ғаламтор арқылы таныстыруға көшеді. Желіге салған жазбаларынан кейін, ол көмек қолын созушылардың көп болуын күтпеген. Осындай қайырымды жандардың ішінде үй алып беруге көмек беремін деген азамат та шыққан. Өз атын жариялағасы келмеген меценат, Әлияның шығарған посттары астында қалдарған нөміріне хабарласып, 14 жылдан бері пәтер кезіп жүрген көп балалы отбасының Береке ауылында баспаналы болуына себепкер болған. Уақыт өте келе жарияланған жазбадан кейін, тағы бір қалталы азамат қаратөбелік жанұяның қоныс тойын тойлауына мүмкіндік туғызды. Иә, расымен, біз әңгіме еткен кейіпкер жақсылықтың жаршысы атанып, қайырымдылық жасауды өзінің тұрақты жұмысына айналдырып алғандай. Олай дейтініміз, алғашында тізімде жағдайы төмен 21 отбасының саны 17-ге азайған. Олардың бірқатарының әлеуметтік деңгейі көтеріліп, аяққа тұра бастағандардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Әлия күйеуі Әсет екеуі Асыл есімді ұлды, Айя мен Айым атты қыздарды тәрбиелеп отыр. Бұйыртса, тағы бір перзентті күтіп жүрген қайырымды жұп, жуырда көп балалы отбасы атанбақ.
– Жанымда жолдасым болмаса жұмыстардың барлығын өзім атқара алмас едім, – дейді Әлия әңгіме барысында. – Ол да мен секілді жақсылық жасауға жаны құмар. Екеуміз бір-бірімізді тауып қосылғандаймыз. Барлық істі бірлесіп атқарамыз. Көпшілігі менің күйеуімді бизнесмен немесе қалталы азамат деп ойлайды екен (күліп). Жоқ, қарапайым бір мекемеде қарауылдардың басшысы. Сондықтан да азық-түлік себеттері мен киімдерді Әсет демалатын бейсенбі және жұма күндері апарамыз. Қалған уақытта қайырымды жандардан жиналған қаражатқа дүкеннен қажетті заттарды сатып алып, әкелген киімдерін қаптап дайындап қоямын.
Иә, әлеуметті желі бүгінде алып күш емес пе! Әлияның ізгілікті ісі жайлы естіп біліп жатқандардың саны күн сайын артып келеді. «Астана», «СТВ» арналары ол жайында бейнесюжеттер түсіріп, біздің газетімізде мақалалар жарияланды. Кеше аудандық Мәдениет үйінде өткен Волонтер жылының ашылуында да сөз сөйлеп, көрермен ықыласына ие болды.
Сұхбат соңында кейіпкерімізден алға қойған мақсаты мен арманы жайлы сұрадық. Болашақта округтің орталығы Береке ауылынан көп пәтерлі жатақхана салғысы келеді екен. Бұл жатақхананың ерекшелігі – тұрмысы төмен көп балалы отбасылар тегін тұруына жағдай қарастыралатын көрінеді. Бірақ, әрине, уақытша керекті қаражатты жинаған жанұя, бөлмені келесі адамға босатуы керек. Айта кетерлігі, Әлияның жанұясында көлігі болмағандықтан көбінде өзге жандардың көмегіне жүгініп жатады. Алдағы уақытта көп орындықты автокөлікті тізгіндесек деп те жоспарлап қойыпты. Арман асуын қайырымдылықпен байланыстырған жандардың ісі көпшілікке ой салары сөзсіз. Жасаған жақсылықтары адамнан қайтпаса да, Алладан қайтуын, сәттілік серік болуын тілейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.