Қазақстан Республи-касының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тереңнен қозғалған мақаласы бүкіл көзі ашық, жүрегі ояу әрбір қазаққа, жастарға үлкен ой салары, әр адамды өздерінің білім көкжиегін зерделеп, Абай тағылымынан үйренуге жетелері әбден анық.
«Абайды білмейтін қазақ, қазақ емес» деген ұстанымда өмір сүріп келе жатқан қазақ елі енді ұлы ойшыл, ақындардың ақыны, хакім Абайды жаңа қырынан танып білуіне бұл мақаланың ықпалы өте зор деп білемін. Ұлы ақынның қай өлеңін, қандай қарасөздерін алып оқысыңыз да, сол өзі өмір сүрген қиын кезеңде қазақ халқының болашағына аса бір жанашырлықпен қарап, халықты басқа елдердің мәдениеті мен әдебиетінен тыс қалып қоймауға, үнемі ізденуге, оқуға, жаман әдеттен бас тартып, уақытын бос сөз бен іске жібермей бағалап, асыл әдетке бой алдыруға шақырады.
Саф алтындай сақталған асыл сөздері, шығармалары тек қазақ әдебиетінде ғана емес, жер бетіндегі басқа елдердің де тілдеріне аударылып насихатталынғаны белгілі. Енді бұған қоса ел Президентінің мақаласындағы ұлы ақынның шығармаларын он тілге аудару туралы жобасы нұр үстіне нұр болары анық.
Бүкіл адамзат баласының рухани азығына айналған ұлы ақынның асыл мұрасы жаһан жұртында үлгі-өнеге. Ғұлама, ойшыл, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы тек республика көлемінде ғана емес, ЮНЕСКО бойынша аталып өткелі отырғаны еліміз үшін үлкен мәртебе және мақтаныш. Тек той тойлау ғана емес, ақынның өшпес мұрасын оқи отырып санаға сіңіру, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,қайратың мен білімің екі жақтап» деп данышпан Абай айтқандай, жастарды өз білімін көтеру үшін ерінбей ізденуге, тынбай еңбек етіп, өз елінің келешегін көркейтуге атсалысуына ықпал жасау әрбір азаматтың міндеті. Сонда ғана Тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебесі Абай армандап өткендей биік шыңдарға жетеді деп ойлаймыз.
А. ТИЛЕУЖАНОВА,
Б. Тамабаев атындағы
орта мектептің кітапхана қызметкері.