Осы аптаның сейсенбісінде ауданға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуына талдау мен бағалау бойынша Алматы облысының арнайы мониторинг тобы жұмыс сапарымен келді. Оның құрамында облыстық мониторинг тобының жетекшісі Дания Қыдырбаева, облыстық мониторинг тобының мүшесі Аршагүл Тойбаева, Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Орал Қажымұханұлы, облыстық ата-аналар комитеті қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әйгерім Тәжібаева бар.
Алдымен жұмыс тобы жоспарға сәйкес алғашқы кездесуді аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңес, мониторинг тобы мүшелері және мемлекеттік қызметшілермен өткізді. Аталмыш жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Айдын Әуесбай жүргізді. Оның барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру тұжырымдамасы талқыланды. Сонымен қатар, осы бағытта азаматтар тарапынан мемлекеттік органдарға келіп түскен өтініштерді сапалы қадағалап, тез шешім қабылдаудың талап етілетін тұстары сөз етілді. Ал, Орал Қажымұханұлы болса сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметшінің нәтижелі жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін айтып, онымен байланысқанның салдары қандай жағдайға әкелетіні жөнінде мағлұмат берді. Жиын барысында Қоғамдық кеңестің алға қойған жоспарланған және атқарылған жұмыстары да әңгіме арқауына айналды.
Бұл кездесуден кейін жұмыс тобының мүшелері аудандық «Nur Otan» партиясы филиалында өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Атап айтқанда, қаскелеңдік Бағдат Мұсаев жеке кәсібін ашқысы келетінін айтып, көмек сұрады. Ал, аудан орталығының тұрғыны Дана Дүрменова көпбалалы отбасыларға балабақшадағы жеңілдіктер туралы сауалын қойды. Келесі кезектегі бірінші топтағы мүгедек Диларахан Саитова мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тасымалдаушы көлік (инватакси) мәселесін көтерді. Қабылдауда жазылған азаматтардың көтерген түйіткілді сұрақтарының біразы шешімін тапты. Сонымен қатар, бұл күні аталмыш топ мүшелері аудандағы ХКҚО мен аудандық ауруханаға барып, ол жерде мүмкіндігі шектеулі жандардың қызмет және ем алуына жағдай жасалғандығын, тілек-өтініш жәшіктерін қойылуын және кезектің жай-күйін көріп танысты. Мұнан соң, олар Қаскелең мәдениет және С. Жандосов атындағы колледждерінде, Алтын ауыл мектебінде болып, оқу орындарының жағдайымен танысты және әлеуметтік нысандарды аралады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.