абыз қарттың есімі қашанда жүрегімізде қалады
Үсенбай Тастанбеков! Бұл ардақты ат Қарасай ауданына ғана емес, одан тысқары жерлерге де кеңінен мәлім десек, жаңыла қоймаймыз. Әсіресе, қалам ұстаған ағайындар жақсы білсе керек.
Абыз атамыз осыдан алты ай бұрын, жүзге жетуіне алты ай қалғанда дүниеден өткен еді. Ол кісі 1919 жылы 20 қазанда туған ғой, жақында тура осы күні жылдық асы берілді.
– Үш ауданның – Қарасайдың, Жамбылдың және Еңбекшіқазақтың газеттерінде редактор болған Үсенбай ата, шын мәнінде, мықты журналист, байыпты басшы, өнегелі ұстаз, ең бастысы, жаны сұлу керемет келісті адам еді, – деп өз естелігін айтты белгілі ақын, аудандық «Заман жаршысы» газетінің бұрынғы бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Шекербек Садықанұлы. – Оның бойындағы тамаша қасиеттері көпшілікке үлкен үлгі де болды. Үсекеңнің ана тіліміздің өрісін кеңейтудегі еңбегі, тіпті, ұшан теңіз. Ауданда алғаш рет «Қазақ тілі» қоғамын ашып, өмірден өткенше оның жұмысының өрге басуын өзі қадағалап отырды. Аймақтағы орысша атауларды қазақшалау мәселесіне де айрықша көңіл бөліп, бұл бағытта да шаршамай, шалдықпай жұмыс істеді. Жастар тәрбиесін де назардан тыс қалдырмай, білгенін, көргенін, оқығанын олардың ой-санасына жалықпай құйып жүрді. Әйтеуір, әрдайым айналасына жылы шуақ шашып, жарқырап жүретін жүрегі нұрлы, тұғыры биік тұлға еді. Сондықтан да мұндай асыл адамның аты ешқашанда ұмытылмайды деп есептеймін.
Ал, есімі елге белгілі азамат, ұзақ уақыт облыстық «Жетісу» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметін абыройлы атқарған, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Жұмаш Арғымбайұлы өз сөзін былайша сабақтап:
– Үсенбай Бақтиярұлы – менің ұлы ұстазым! Себебі, анда-санда бірдеңелер жазып, оларым жергілікті басылымға шығып жүргенімен, бұл саладан алыста, шаруашылықта қарапайым жұмысшы болып жүрген мені ол кісі, Жамбыл аудандық газетінде бас редактор кезінде, тікелей өзі шақырып қызметке алған еді. Сөйтіп, тілшіліктің қыр-сырына терең бойлатқан болатын. Осылайша алдымнан журналистиканың сара да даңғыл жолын ашып беріп еді. Жалпы, өздеріңіз айтып отырғандай, ол кісінің Қарасай ауданының арғы-бергі тарихына өте жетік шежіре қарт, туған жерінің даңқын алысқа шығарған абзал азаматтардың атын ардақтауға белсене кірісіп, берекелі жұмыс атқарған үлкен жүректі жайдары жан болғанын да жақсы білемін, – деп ерекше сыйлайтын қадірлі қарияны елжірей еске алды.
Осы тұста айрықша назар аудартқан мәселе, ата жөнінде ой-пікірін білдіріп сөйлеушілердің көпшілігінің (ішінде ұл-қыздары, немерелері де бар) негізгі бір айтқаны осындай жанның есімін мәңгілік есте қалдыруға саятын еді. Яғни, ол – Үсенбай Тастанбековтың атына бір көше, немесе мектеп берілсе деген тілек, ұсыныс.
Ұлы Отан соғысына қатысып, қан кешкен майдангер, партизан, бірнеше ордендер мен медальдардың иегері, Алматы облысының, Қарасай ауданының, Қаскелең қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, үш аудандық газетті басқарған, бірнеше кітаптың авторының рухына деген бұл үлкен де лайықты құрмет болар еді!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан Әлиасқаров.