Жуырда Қыдыр Абдибаев атты оқырманымыз біздің басылымға Қаскелең қаласындағы көшелердің бойындағы шамдардың кешкі уақытта ерте жанып, ал, таңертеңгілік толықтай жарық болғанда бір-ақ өшірілетіні туралы мәселе бар екендігі жайлы айтқан болатын. Оған қоса «Алматы-Бішкек» күре жолындағы тарихи тұлға Наурызбай батырдың ескерткішінің жан-жағында шамдардың тұрғанымен олардың жанбайтыны туралы да ақпар берді. Ауданымыздағы көрікті жер саналатын бұл орынды келген қонақтарға кешкілік уақытта мүлдем көрсету қиын екен, әрине, қынжылтады. 40 жылға жуық энергетик болып істеген Қыдыр ағамыз, бұны шағым ретінде емес, өзінің тұрған өңіріне жаны ашығандықтан көтеріп отырғандығын тілге тиек етті.
Аудан тұрғыны көкейіндегі алаңдатқан сауалды біз Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашевке қойған едік. Асқар Өкенұлы бұл сұраққа былай жауап берді.
Бірінші мәселеге келер болсақ, аудан орталығындағы қала көшелері шамдарының жағу және өшірілу жүйесі автоматтандырылған екен. Яғни, «фотореле» деп аталатын құрылғы көмегімен ымырт түскенде өздігінен шамдар жағылып, таңертең жарық болғанда бірден өшіп қалады. Бұл енгізілген жаңашылдық жаз және қыс мезгіліндегі күннің бату мен шығуына қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Екінші сұраққа қатысты да қала әкімі нақтылы ақпарат берді. Оқырманның көтерген мәселесінен әкімдік хабардар екен. Ескерткіш маңындағы және баспалдақтың жан-жағында орналасқан шамдардың тоғы жердің астында төселгендіктен жауын-шашынның әсерінен жиі күйіп кететін көрінеді. Дегенмен, онда ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бірақ, электр жүйесі бірқалыпта жұмыс жасауы үшін, толықтай жер астындағы тоқтарды ауыстыруға тура келеді. Үлкен жұмыс пен қаражатты қажет етіп отырған ескерткіш маңындағы жарықтандыру мәселесін жергілікті әкімдік алдағы уақытта шешуді жолға қойып отыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.