Жақында өткен отандық инвесторлармен кездесуі барысында Амандық Баталов облыс орталығында техникалық сора өңдеп, текстиль шығаратын экспортқа бағытталған кәсіпорын ашылатынын айтып өтті, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Yessenov Lab» жоғары технологиялар ғылыми орталығы» ЖШС директоры Сұлтан Күнәділовтің айтуынша, техникалық сорадан дайындалатын талшық жоғары сапалы әрі мықты болады. Ол болашақта медицинада, құрылыста, жиһаз жасауда, киім тігуде және басқа да салаларда қолдатын болады. Бір атап өтерлігі, техникалық сора құрамында ТГК каннабиноидтары жоқ десе де болады. Осы жобадағы «Elaxima Tech Style inc Қазақстан» инвестор компаниясы АҚШ-тық серіктестерімен бірге текстиль өндіруге маманданып келеді. Компания Алматы облысының аумағында сора талшықтарынан текстиль өндіретін кәсіпорын ашып, дайын өнімді Қытай мен Еуропа елдеріне экспорттауға ниетті. Бірақ та, осы жобаны іске асыру үшін бірінші кезекте жалпы аумағы 2 мың шаршы метр болатын, автожол және темір жол қатынастарымен қамтылған ғимарат сатып алу немесе жалға алу жұмыстары атқарылуы керек. Екінші кезекте компания өз шикізатын өсіру үшін суармалы жер телімі қажет.
Жиын барысында инвестор-компания өкілдерінің сөздерін тыңдаған Амандық Ғаббасұлы мұндай өндірісті орталықта ашуды ұсынып, оған лайықты ғимаратты табуды Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарына тапсырды. Және де оның сыртқы инфрақұрылымын жүргізіп беруге қолдау көрсетілетінінде атап айтты. Сондай-ақ, облыс басшысы өз орынбасарлары С.Бескемпіров пен Ж.Тұяқовқа осы жобаның жүзеге асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Жиын соңында барлық мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданғанда, тағы бір кездесу өткізуге уағдаласты.