Ауданымыздың 90 жылдығына орай ауданның орталық алаңында ойрат қалмақтары шапқыншылығының бастапқы кезеңдерінде ел тәуелсіздігі үшін қол бастап күрескен, зұлым жаудан қазақтың кең-байтақ сайын даласын қорғаған көрнекті тарихи тұлға Қарасай батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді.
Жетісу жеріндегі дәулетіне сәулеті жарасқан Қарасай ауданның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойлық салтанаттың екінші күні Қарасай батырға арналған ескерткіштің ашылуымен басталды. Аталмыш жиынға облыс әкімі Амандық Баталов, аудан әкімі Жандарбек Далабаев, Алматы облысы мен Қарасай ауданының Құрметті азаматы, меценат Болат Назарбаев, сондай-ақ, еліміздің жан-жағынан келген қонақтар қатысты. Алдымен жұртшылық алдында облыс басшысы сөз сөйлеп, қарасайлықтарды мерейлі мерекемен құттықтады, елден ерек батырлығы арқасында бейнесі эпостық деңгейге дейін жеткен Қарасай батырға арналған ескерткіштің орнатылуы жастарға қалдыратын үлкен мұра екенін атап айтты.
– Бүгін Қарасай ауданның 90 жылдығына орай еліміздің даңқты батыры, аты аңызға айналған қаһарман Қарасай батырға арналған ескерткішті салтанатты түрде ашып отырмыз. Қаскелең қаласының төрінен орын алған бұл еңселі ескерткіш бүгінгі мерекелік көңіл күйді қуанышпен еселеуде. Сондықтан бүгінгі үлкен қуанышпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл ескерткіш еліміздің батыр да ержүрек болмысын кейінгі ұрпаққа айшықтайтын, рухани қуат беретін киелі орынға айналсын, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Келесі сөз кезегін Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров алып, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, ауданда жасалып жатқан игі істерді, соның ішінде Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан меценат азаматтардың елеулі еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ, сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков те ауданымыздың ардагерлерінің атынан қарасайлықтарды үлкен мерекелерімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Мұнан кейін ортаға «Парасат» орденінің иегері, қоғам қайраткері Советбек Байғазиев шығып, аудан тұрғындары мен қонақтарын өңіріміздің мерейтойымен құттықтап, баршаға ырыс пен бақ-береке тіледі, ақ батасын берді. Ал, ақ кимешегін киіп қазағымыздың ақ пейілін, дархандығын танытқан ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашты.
Орталық алаңның шырайын кіргізген ескерткішті жауып тұрған ақ матаны салтанатты түрде облыс әкімі Амандық Баталов, ауданның Құрметті азаматы Болат Назарбаев пен мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев түсірді. Мұнан кейін ауданның ардақты қариялары, ауған соғысының ардагерлері мен аудан тұрғындары батырдың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты рәсімнің соңы белгілі әнші Қалбибі Абдуллаева мен оның шәкірттерінің ұйымдастырған концертімен аяқталды.
Орнатылуына Болат Назарбаев мұрындық болған асқақ рухты сәулет туындысының биіктігі 5,5 метр, ал оның тұғырының (постамент) биіктігі 4,3 метр, бір сөзбен айтқанда, жалпы биіктігі 11 метрге жетеді. Мүсін таза қоладан жасалған. Жүйрік атына мініп, қолына найзасын ұстаған батыр ескерткішінің авторы «Дархан дала», «Сағым», «Жерұйық» сияқты мүсіндерді жасаған белгілі сәулетші әрі мүсінші Нүркен Даукенов.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.