Қарасай ауданының 90 жылдық мерейлі мерекесін жұртшылықпен тойлау сәрсенбінің сәтті күнінде басталғаны баршаңызға белгілі. Игілікті іс-шаралардың ішінде қарасайлықтар мен алыс-жақыннан келген қонақтардың асыға күткені айтыс болды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, шет елдерден келген от ауызды, орақ тілді шайырлардың басы аудандық Мәдениет үйінің сахнасында бірікті.
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын бұл кешке жиналған өнер сүйер қауымның қарасы қалың болды. Суырып салма өнердің хас шеберлері Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясы аясында «Киелі өлкем – Қарасай» атты тақырыптың аясында сөз маржанын теріп, ұтымды ойларын ортаға салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қасиетті Қарасай жерінің торқалы 90 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыстың аламанында Нұр-Сұлтан қаласынан Жандарбек Бұлғақов пен Балғынбек Имашев, Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков, Батыс Қазақстан облысынан Мұрадым Мирланов, Кереку жерінен Қуаныш Шарманов, тарихы терең Тараздан Алтынкүл Қасымбекова, көршілес Жамбыл ауданынан Жалғас Садыр, Қырғыз елінен Эламан Келдібек, қытайлық қандасымыз Ерлан Аманқожаұлы, Өзбекстан Республикасынан Талғат Орынбеков және Қарасай ауданының намысын арқалаған қос ақынымыз Аяулым Жұмабек пен Сырым Әуесхан сынды кіл жүйріктер сөз таластырды. Ал, айтыскерлердің анық бағасын беретін қара қылды қақ жарған қазылардың да қатары осал болмады. «Ана тілі» газетінің бас редакторы, журналист, ақын Жанарбек Әшімжан төрағалық еткен бағалаушылардың арасында облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы, «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев және белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров болды. Ал, айтысты Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Серік Қалиев жүргізіп отырды. Өз кезегінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев айтыстың алдында ақындарға сәттілік тілеп, арнайы алыстан ат терлетіп келгендерге ерекше ықыласын жеткізді.
Дүбірлі тойдың қарсаңында жиналған дүлдүл ақындардың ортада оймақты ой айтып, әзіл-шыны аралас сөз жарыстыруы көрерменнің көңілінен шықты десек те болады. Өйткені, залдағы қиқу мен ұзақ соғылған қошемет соның белгісін аңғартқандай. Қашанда елдегі өзекті мәселені тілге тиек ететін ақындар бұл айтыста ауданның тарихы мен жеткен жетістігіне де ерекше тоқталды. Бірі өз ұсыныстарын ортаға салып жатса, енді бірі артық-кемшіліктерді де сөз етіп жатты. Сөз сайысы болғандықтан кейбір ақындар қағытпа қалжындарымен қалың ортаны қыран топан күлкіге айналдырып, жұп болып айтысқан соң, қасиетті өлкеге тілектерін білдіріп, бір-біріне жолдарын беріп жатты. Оған айқын дәлелді Алтынкүл мен Балғынбектің айтысынан байқауға болады:
«Күй тартылып, барлық өлең ойналсын,
Көрермендер ел тарихын ойға алсын,
Басқа ауданды тойламасаң тойлама,
Қарасайдың 90 жылдығы тойлансын.
…Алтынкүлге жолды берді Балғынбек,
Албандардың томпақ қызы бәйге алсын», – деп ерекше әуенмен әндеткен Балғынбек ақынның орамды өлең жолдары шынымен де, көпшіліктің көңіліне жаға кетті. Дәл осындай көркем сөзбен көмкеріп, толғаулы терең ойларын жеткізген қалған бес жұптың да сүбелі сөз айтқандары жетерлік. Әсіресе, Түркістан облысынан келген Бекарыс Шойбеков пен қарасайлық Сырым Әуесханның ағалы-інілі болып, сол сияқты Аяулым мен қытайлық қандас Ерлан екеуінің қыз-жігіт ретінде айтысқаны көптің есінде қалғандай. Ал, көрерменнің көңілін көкке жеткізіп, әзілдің көкесін танытып, «қисық сөз күлгенге жақсы» дегендей, күлкіге қарық қылдыратын айтысты көрсеткендер Жайықтан келген, Сүйінбайдың мақамымен жырлайтын Мұрадым Мирланов пен Жетісу өңірінен түлеп ұшқан Жандарбек Бұлғақов болды. Олардың бір-біріне тапқырлықпен жауап қайтарып, астарлап терең түсінікпен түйінді ой айтқаны залдағы жиі-жиі соғылған шынайы шапалақтың дыбысынан білуге болады. Өз кезегінде павлодарлық Қуаныш Шарманов пен өзбекстандық қазақ ақыны Талғат Орынбеков те әдемі айтыстың өрнегін көрсете білді. Мәселен, керекулік ақынның Қарасай жерінің табиғатын, күнделікті тыныс-тіршілігін зерттеп келгені жиналған қауымға жаңалық болғандай. Оның «Далабаев басқаратын далаға 900 шақырымды артқа тастап, 90 жылдыққа келдім…» және «Ауданның әкімі «тегін такси» жобасына қолдау білдіріп, тұрғындардың жүрісін жеңілдетуі мақтауға тұрарлық» деп, айтқан сөздері расында да, біздің өлкенің жаңалығынан хабарсыз еместігін білдірді. Иә, дәл осы жұп сияқты бауырлық пен татулықтың белгісін жырлағандардың ішінде Жамбыл ауданынан атынан шыққан Жалғас пен Бішкектен келген Эламан да бар. Екеуі де айтыс көркін қыздырып, «қырғыз-қазақ бір туған» деген сөздің екі елге ортақ екенін дәлелдегендей тағылымды түсінік қалыптастырды.
Алуан жүйріктердің әліне қарай шабу қағидасын ескерсек, бұл аламанда да жеңімпаз бен жүлдегерлердің есімі алты жұптың айтысынан кейін бірден белгілі болды. Қазылардың ұзақ кеңесіп, бір ауыздан шығарған ортақ шешімімен Бас жүлде мен 1млн теңге тараздық Алтынкүл Қасымбековаға бұйырып, оны аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы табыстады. Ал, жүлде қоры 700 мың теңгелі І орынды Бекарыс Шойбеков иеленсе, жарты миллионға тең олжасы бар ІІ орын Жандарбек Бұлғақовқа беріліп, ІІІ орынның 300 мыңдық сертификаты қос ақынға бұйырды, олар: Қырғыз елінен келген Эламан Келдібек пен белгілі ақын Балғынбек Имашев болды. Сонымен қатар, қалған қатысқан суырып салма өнердің иелері де құр алақан қайтпады. Әрқайсысы 150 мың теңгелік сыйақысы бар «ынталандыру» мәртебесіне ие болды.
Халықаралық дәрежеде өткен айтыстың соңында қазылар алқасының мүшесі, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы мен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы сөз сөйлеп, айтыс барысында ақындардың айтқандары бойынша артықшылығы мен кем-кетігін айтып, ойларын бөлісті. Ал, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Ермекұлы Бас жүлдені табыстау кезінде ақындарға ізгі ілтипатын білдіріп, осындай халық аңсап күткен айтысқа демеушілік көрсеткен қоғам қайраткері, меценат Болат Әбішұлына қарасайлықтардың атынан алғысын жеткізді.
Осылайша, алыс-жақыннан ат терлетіп келген дүлдүлдер өнерді сүйетін жандардың назарына ерекше айтыс ұсынып, халықты риза етіп, көңілдерін бір серпілтті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.