Қазіргі таңда еліміз бойынша көлік салығына борышкерлердің мәселесі ең өзекті болып тұр. Мұндай жағдай біздің ауданда да кездесетінін айта кеткен жөн. Мәселен, соңғы уақытта салықтан жалтарғандардың көліктері толықтай тәркіленіп, айып тұрағына қойылуда.
Кеше аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Малыбаев бастаған бірқатар мамандар мен жеке сот орындаушылары арнайы рейд ұйымдастырып, салық төлеуден жалтарған азаматтардың үйлерін аралады. Екі тараптың бірлескен жұмысы барысында аудан бойынша екі автокөлік тәркіленіп, айып тұрағына жөнелтілді. Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Айтқұлұлының айтуынша, аталған азаматтар 3-4 жыл көлемінде салықтан жалтарып жүрген, енді олардың ісі сотта қаралады.
Негізінде, біздің аудан бойынша осы уақытқа дейін 14 мыңға жуық көлік иелері салыққа салғырттық танытса, олардың жалпы берешегі 361 млн 689 мың теңгеге дейін жеткен. Ал, өз кезегінде жеке сот орындаушылары тарапы бұл азаматтардың барлығы өз уақытында мемлекетке қарызын қайтармаса, заң бойынша сот алдында жауап беретінін алға тартып отыр.
– Тұрғындар көлік салығына келгенде жауапсыздық танытып жатады. Біз оларға талай рет ескерту де жасап келеміз. Нәтиже болмаған-дықтан, осылайша үй-үйлерін аралап, айып тұрағына жөнелтеміз. Осы ретте, барлық борышкерлерге айтарымыз, салықты уақытымен төлесе екен дейміз. Жағдай ушыққанда олардың банктегі есепшоттары бұғатталумен қатар, қарызы көптердің шетелге шығу мүмкіндіктері де болмайды, – деді Алматы облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Дамира Абенова.
Рейдті ұйымдастырушы тараптың мәлімдеуінше, әлі де осындай жұмыстар аудан көлемінде жалғасады. Сондықтан олар салықты дер кезінде төлеп, жағдайды қиындатпауға шақырады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.