туралы ғылыми-практикалық конференцияда жан-жақты айтылды
Ауданның 90 жылдық тойы Мәдениет үйіндегі «Қарасай батыр – Ұлы даланың тарихи тұлғасы» деп аталған ғылыми-практикалық конференциямен басталып, оны Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлі ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен сөз алып, облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізген оның орынбасары Батыржан Байжұманов облыс экономикасында Қарасай ауданының үлкен үлесі барлығын айта келе, үстіміздегі жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 195 млрд. теңгеден асқанын, ал, ауылшаруашылығы өндірісінің көлемі 25 млрд. теңгеге артқанын атап көрсетті. Сондай-ақ, бұл жерде шағын және орта бизнестің жақсы дамып, көп балалы отбасыларын қолжетімді тұрғын үймен қамтуда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанына, денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің салынып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар нысандар, оның ішінде «Анаға құрмет» музейі, «Батыр бабалар» мемориалды кешені және «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы іске қосылғанына тоқталды.
Сонымен қатар, конференцияны жүргізуші атап өткендей, аудандық Мәдениет үйінің маңындағы алаңды абаттандыруда да көп жұмыс атқарылған, бұл үшін Амандық Ғаббасұлына үлкен рахмет айту керек. Осы жерде Қорқыт бабаның мүсіні қойылып, жастарға арналған сәулеттік композиция мен сахна орнатылған. Ал, аудан әкімдігі ғимараты алдындағы орталық алаң жақсы жаңартылып, меценаттардың қаржысына Қарасай батырдың еңселі ескерткіші тұрғызылды.
Алдымен осынау тарихи тұлға туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің профессоры, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаев қызықты да мазмұнды «Қарасай батыр (1598-1671 ж.ж.) және оның заманы» атты баяндама жасады.
– Қазақ Елі өзінің үш мыңжылдық тарихында небір күрделі тарихи дәуірлерді, аумалы-төкпелі замандарды, қиын-қыстау кезеңдерді, басына бақ қонған кездер мен бақ ұшқан күндерді өткере отыра, жыл санауымыздың үшінші мыңжылдығының табалдырығын еркін, азат ел ретінде аттап отыр, – деді баяндамашы. – Экономикалық жетістіктермен қатар елімізде соңғы жиырма жылдай уақыт ішінде рухани дамуға да ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде Отандық тарихқа да көңіл бөлініп жатқанын байқап отырмыз. Елбасының тікелей қолдауымен «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының жүзеге асырылуы және асырылып жатуы осы ойымызды негіздей түседі.Егер де осы аталған бағдарламаларды бір сөйлеммен айтар болсақ, алғашқы бағдарлама – тарихшылар үшін зерттеу жұмыстарына деректік негіздер қалауға арналса, екіншісі – тарихшылардың зерттеу жұмыстарына – теориялық-әдістемелік негіз салып отыр. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болса, тарихшылар үшін нақты практикалық міндеттерді жүктейді. Сондай міндеттердің біріне «Туған жер» бағдарламасын жатқызып, Елбасы ол жөнінде былай деп атап өтеді: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».
Әр заманда еліне қорған болған тұлғалар тарихымызда көптеп саналады. Біз оларды соңғы ширек ғасырда ғана танып-біліп, халық жадында мәңгі есте қалдыру үшін қажетті шараларды атқарып жатырмыз. Осыдан төрт ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келіп, бүкіл өмірін ел қорғау ісіне арнаған, есімін елі ұранға айналдырып, ерліктерін елі аңыз-әңгімелер мен жыр-дастан түрінде сақтаған тарихи тұлға – Қарасай батырдың тұлғалық болмысы – нағыз біртуар тұлғалар қатарынан орын алады. Тарих ғылымындағы аса маңызды қағидалардың біріне «тұлғаны тану үшін оның өмір сүрген заманын білу керек» деген қағида жатады. Қарасай батырдың өмір сүрген жылдары белгілі, олай болса, тұлғаны тану үшін оның заманына, яғни XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ Елінің тарихына терең үңіліп көрелік. Қарасай батырдың өмір сүрген заманы – Қазақ хандығының дәуіріне жатады. Өзінің үш мың жылдық тарихында Қазақ Елі бірнеше ірі-ірі тарихи дәуірлерді басынан өткергені белгілі. Скиф-сақ дәуірі, ғұн дәуірі, түрік дәуірі, оғыз-қыпшақ дәуірі, Алтын орда дәуірі, Қазақ хандығы дәуірі және тағы басқалары. Бұл дәуірлердің ортақ белгілеріне-сабақтастық және үздіксіздік принциптері бойынша жалғасын тапқан бір этностың нақты бір кеңістік пен бірнеше мыңжылдарға созылған уақыт желісінде тек өзіне ғана тән тарихи, мәдени, рухани ортақ құндылықтарды қалыптастыруы мен оны дамытуы жатады. Сонымен қатар, аталған әрбір тарихи дәуірдің ел тарихында алатын өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері де бар. Ел тарихындағы өзіндік алатын орны мен маңызы ерекше тарихи дәуірге – Қазақ хандығы дәуірі немесе жай ғана хандық дәуір деп аталатын тарихи кезең жатады. Уақыт жағынан алғанда бұл дәуірге – XV ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығы енеді, ал әлемдік тарих тұрғысынан қарасақ, бұл дәуір – Ортағасырлардың соңғы кезеңі мен Жаңа заманның алғашқы кезеңдерін қамтиды. Қарасай батырдың дүниеге келген жылы, 1598 жыл – Қазақ хандығының тарихындағы айтулы даталардың бірі. Аңыз-әңгімелерде Қарасай батыр он жеті жасынан көзге түсіп, батыр атанған. Ондағы мәліметтерде батырдың ойраттармен Тобыл бойында, Каспий теңізінің жағасында болған шайқастарға қатысуы, талай жекпе-жектерде қарсыластарын жер жастандыруы туралы баяндалады. Қарасай батыр атағының ең бір шарықтап шыққан кезі – Қазақ хандығы тарихындағы жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңінде болды. Сан алуан қиын-қыстау күндердегі оқиғалар барысынан біз Қарасай батыр есімін көреміз. Қазақтың басқа да батырларымен бірге дәл осы кезеңде Қарасай батыр да ел мен жерді қорғауды ұйымдастыруға, оған басшылық жасауға белсене араласады. Батырдың жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі кейінгі ұрпаққа жыр-дастандар түрінде жеткен. Батырдың көп ерлігінің бірі «Қарасай батыр» жырында жырланады. Жырда Қарасай батырдың бір ғана ерлігі жөнінде баяндалады. Айтылмай қалған ерліктері қаншама! Тәуке хан таққа отырып, билікті қолына алғанға дейін Қарасайдай батырлардың, ерлердің арқасында ғана Қазақ Елінің тұтастығы мен азаттығы сақталып қалынады. Жоғарыда айтылған ойларымызды қорыта келе, Қарасай батырдың өмір сүрген заманы хандық дәуірдің ең бір ауыр кезеңдеріне сай келеді. Батырдың заманы қаншама күрделі, қайшылықты болса да, елге қорған болған тұлғалардың арқасында Қазақ елі өзінің жоңғарларға қарсы күресінде дербестігін сақтап қалады. Қазіргі ұрпақ осындай тарихи тұлғаларды танып-біліп, ертеңгі ұрпаққа жеткісе, онда Мәңгілік Елдің басты шарты орындалғаны!
Мұнан кейін жиналғандар белгілі жазушы, академик, «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті, ЮНЕСКО-ның «Мәдениеттерді жақындастыру орталығының» бас ғылыми қызметкері Нағашыбек Қапалбекұлының «Қарасай батыр ерлігі – қазақ тарихында мәңгі қалады» атты баяндамасын тыңдады. Қарасай батырдың есiмiмен екi жүздей жер, су, тау, сай аттары аталған, бүкiл бiр тайпаға есiмi ұран болған, – деді атап баяндамашы.
– Қарасай батыр жөнiнде Шоқан Уәлиханов өз еңбегiнде атап кеткен. Зерттеушi-қайраткер Мұхаметжан Тынышбаевтың 1925 жылы Тәшкент қаласында шыққан «Қырғыз-қазақ халқы тарихынан материалдар» деген еңбегiнде «Шапыраштының ұраны – Қарасай, таңбасы – Ай, Тұмар» деп атап көрсетiлген. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзiме шейiн» атты кiтабында Қарасай батырдың өр өмiрi, түп-тамыры, ерлiк хикаяттары, қолбасшылық дарындылығы жөнiнде кеңiнен баяндалады. Балғабек Қыдырбекұлы «Қазақтың Қарасай батыры» атты мақаласында батыр баба жөнiнде жан-жақты жазды. Сәрсенбi Дәуiтұлы, Сұлтанғали Садырбаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Жанат Ахмади, Мұхаметжан Етекбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Нысанбек Төреқұлов, Есберген Естаев, Хафиза Бәкiрова, Нұртiлеу Бәкiров, Әбубай Байғазыұлы, Бейбiт Сапаралы, Арықбай Ағыбаев, Мамытбек Қалдыбаев, Жабал Ерғалиев, Доғдырхан Тұрлыбек және басқалар батыр жайлы зерттеу мақалаларын баспасөз бетiне шығарды. Қарасай батыр жайлы көптеген ежелгi ақындар жырлаған, дастан-қиссалар шығарған. Олардың iшiнде Сүйiнбай мен Жамбыл өте көп жырлаған. Әбдiғали Сариев, Үмбет Дәулетбаев, Әсiмхан Қосбасаров, Қожабек Ахметов сияқты ақындар батыр ерлiгi жайлы дастандар жазды. Нұрғиса Тiлендиев Қарасай батыр жайлы күй шығарды. Балнұр Қыдырбек, Жолдасхан Құрамысовтар батыр баба жөнiнде ән жазды. Қарасай батыр бейіті қалай табылды? Бейіті Арқада деп еститінбіз. Профессор Румянцевтің жинатып, соның басшылығымен 1913 жылы шыққан «Верный уезі» деген кітапта: «… Қарасай мүрдесі Көкшетау уезінің Айыртау сағасында!» – деп жазғанына орай мен университетте бірге оқыған курстас достарым – сол кездерi Ақмоладағы журналист Бәдуан Имашевқа, Көкшетаудағы Жабал Ерғалиевтерге қайта-қайта хабарласып, іздеуге, көмектесуге қолқа салдым.Ақыры қуанышты хабар келіп жетті. Көкшетау өңірінің белді азаматы, жасынан арғы-бергіні танып зерттеп жүрген көкірегі даңғыл, шешен де білгір жазушы-журналист Жабал «Қарасай бейіті табылды!» деп сүйінші сұрады. «Егемен Қазақстан» газетінде бұл жаңалық бүкіл елімізге тарады. Іле біз Айыртауға аттандық. Бұл экспедицияны ел-жер дегенде жанын үзіп беруге бар, ұлтжанды шежіреші, елағасы Аубай Байғазыұлы ағамыз басқарды. Қарасай батыр мен арғын Ағынтай батыр бейіттерінің басына биік кесене-мазар салуды ұйымдастырған, талай-талай тамаша игі істерді атқарып жүрген қайраткер ұлтжанды Қайрат Сатыбалдыұлы бауырымыз. Айыртау тауының әсем етегіндегі Құлшынбай төбесіндегі Қарасай батыр мен арғын Ағынтай кесене-мазары бұл күндері бүкіл ел тәу ететін қасиетті имандылық жерге, киелі мекенге айналды. Тек ұрпақтары ғана емес, игі тілекті мұсылман баласы, түркі жұрты, Ресейдегі, алыс-жақыннан меймандар барып, бабалар жайлы мағлұмат алып, бата жасап, тілек етеді. Міне, бүгінгі конференцияға Айыртаудағы Қарасай мен Ағынтай батырлар кесенесінің шырақшысы Саметдин Омаров арнайы келіп қатысып отыр. Қарасай батырдың 400 жылдық мерейтойы Алматы облысы Жамбыл ауданында 1998 жылы 10 қыркүйекте кең көлемде аталып өтті. Қарасай батыр есімі Алматы облысындағы бұрынғы Қаскелең ауданына, Отардағы әскери дивизияға, Алматы қаласындағы Виноградов көшесіне берілді. Шамалған ауылына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қарасай батыр атындағы мешіт салдырды. Сол мешіттің жанында Қарасай батырдың қара босағасы мен маңдайшасын сақтаған қара шаңырақта – Асқар Тоқтамысов бауырымыз тұрады. Былтыр Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына орай Алматыда әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте және Шымкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми-практикалық конференция өткізіп, арнайы жинақтар шығардық. Жуырда ғана Петропавлскіде М. Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетінде батыр бабаға арналған конференция өткізілді. Шежіреші Асқар Селеубаев Қарасай батыр жайлы зерттеу кітап жазып бітірді. Мен ұзақ жылдардан бері Қарасай батыр жайлы роман жазып жүрмін, келесі жылы шығады. Талдықорғанда Бикен Римова атындағы театр ұжымы менің Қарасай батыр жайлы спектаклімді қоюға дайындап жатыр.
Режиссер Асқар Ұзабаев Қарасай батыр жайлы төрт сериялы көркемсуретті фильм түсіруде. Қаскелең қаласында Қарасай батырға ескерткіш орнатқан Болат Әбішұлына ерекше алғысымызды білдіреміз. Бүкіл еліне ұран болған айбынды батыр, атақты қолбасшы Алтынайұлы Қарасай бабамыздың ерлігі мен ерен игі істері ұрпақтарына әрдайым үлгі-өнеге болып қала береді.
Конференцияда, сонымен қатар, Солтүстік Қазақстаннан келген мейман Саметдин Омаров сөйлеп, мерейтойға орай ақ тілегін айтты. Ал, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев құрметті қонақтар мен қарасайлықтарды ауданның 90 жылдығымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.