Жуырда Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев өзі оқыған білім ордасы – Сулейман Демирел университетінің студенттерімен кездесті. Альма матер қабырғасында мемлекеттік қызметші оқу орнының студенттерімен тілдесіп, өз табыс кілтін қалай тапқанын айтып, жастардың өзекті сұрақтарына кеңінен жауап берді. Ескерте кеткен жөн, бұл кездесу аталмыш оқу орнының ректоры Қуаныш Ерғалиевтың бастамасымен, Жастар жылының аясында өткен ашық дәрістер топтамасының шеңберінде, ұйымдастырылып отыр.
Кездесу барысында Нариман Мұқышев жастармен мансап жолын құру және алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру жөніндегі іскерлік кеңестерімен шын жүректен бөлісті. Сондай-ақ, өзі қалаған өмірлік ұстанымдары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, спикер тыңдаушыларға қызметтік міндеттері мен мемлекеттік деңгейдегі күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы баяндады. Әсіресе, тыңдаушыларға жақын арада цифрландыру аясында қандай мамандықтар өзекті, ал, қандай мамандар сұраныстан тыс қалатындығы туралы мәлімет қызықты болды. СДУ студенттері өз кезегінде мемлекеттік қызметшіге әртүрлі сұрақтар қойды. Жастарды оның табысқа жету құпиясынан бастап, жеңіліс және сәтсіздік тәжірибелеріне дейін барлық оқиғалары қызықтырды. Спикер тыңдармандарына жеке стартап жобалардың құрылу тарихы мен сәтсіз тәжірибелері туралы әңгімеледі. Алайда, басынан өткен бірқатар сәтсіздіктер оның жаңа жеңістеріне серпін бергендігін де атап айтты.
Бүгінгі таңда вице-министр халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бойынша кең ауқымды мәселелер үшін жауап береді. Оның құзыретінде халықтың әлеуметтік осал топтарының қаржылық сауатын ашу бойынша бірінші кезектегі міндеттер, ҮЕҰ-мен жұмыс атқару, ел азаматтарына атаулы әлеуметтік көмек көрсету, борыштық жүктемені төмендету сияқты көптеген өзекті мәселелер кіреді. Өзінің осындай тығыз жұмыс тәртібіне қарамастан, ол жастарды жетістікке ынталандыру мақсатында, өзі білім алған университетіне ат басын тірепті. Нариман Мұқышев университет қызметін жоғары бағалап, барша СДУ қауымына толағай табыстар тіледі.
Өз тілшіміз.