Халқымыздың еліміздің ертеңгі бағыты мен бағдарын қалт жібермей қадағалап отыратыны қалыптасқан қағидалы дәстүрге айналды. Сондықтан да болар, әрбір қазақстандықтың көкейінде: «Тәуелсіз еліміздің болашағы қандай болмақ?» – деген сан тарап сауалдың тұратыны барынша алаңдатып, толғандырып беймаза күйге түсіріп келе жатқаны шынайы шындық. Осынау ақиқаттан ешкім де алшақтай алмайды. Мұны біздер – ғалымдар күнделікті өмірде ауыл жұртшылығымен жүздесу мен кездесу барысында айқын аңғарып, анық көз жеткізіп жүрміз. Атап айтар бір қуанышты жәйт, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қыркүйек айының алғашқы күндерінде халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген Жолдауындағы батыл бастамалар мен ауқымды жоспарлар еліміздің болашағы, шын мәнінде, шуақты да жарқын болатынына сенімді ұялатып ғана қоймай, Қазақстанның егеменді һәм зайырлы мемлекет екендігіне айрықша терең мән-мағына берілгеніне қанықтық.
Мемлекет басшысы осы Жолдауында еліміздің алдағы дамуына қатысты ой-тұжырымдарын батыл да ашық айтқан. Шын мәнінде мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, халықтың әлеуметтік қамту саласын жаңғырту, сондай-ақ, өңірлердің әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Осы тарихи құжатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын қазақ халқы Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізгенін, осы уақыт аралығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғанын айрықша қуанышпен айта келіп: «Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық яғни, Назарбаев моделі деп атады» – деп ерекше сезіммен жеткізді. Бұл, әрине, барша қазақстандықтар үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе болса керек.
Айрықша, назар аударарлық көкейкесті мәселенің бірі – Қазақстан Президенті Жолдауда шағын және орта бизнестің бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды орын алатынын, сондықтан осы салаға баса мән беріліп, қамқорлық көрсету қажеттігін де шегіне жеткізіп, шегелеп тұрып айтты. Мұны – өмірдің өзі дәлелдеп отырған сұраныстың қайнар көзі екендігін, даусыз түйінді шешім деп қабылдаймыз. Өйткені, Президентіміз атап көрсеткеніндей, бүгінгі күні шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізіне айналып отыр.
Сөйтіп, 2030 жылға қарай елімізде суармалы жер көлемін үш миллион гектарға дейін ұлғайту қажеттігі басты міндет ретінде нақтыланды. Ал, бұл – ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта жергілікті фермерлерге айрықша қолдау көрсетілуі тиіс. Олардың өз күштерімен өндірген ұлттық өнімдерін алыс-жақын шетелдерге шығарып сатуына кең жол ашып, мүмкіндік туғызу қажеттігі ауылшаруашылығы министрлігіне кезек күттірмейтін міндет ретінде жүктелді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді» – деп кесіп айтты. Осылайша, миллиондаған қазақстандықтарды сан жылдар бойы толғандырып, күпті етіп жүрген жер мәселесіне нақты нүкте қойылды.
Түйіндеп айтар болсақ, Президентіміз өзінің Жолдауында тәуелсіз Қазақ елін дамытудың әр алуан бағыты бойынша алда тұрған асқаралы міндеттерді белгілеп, оны қалай жүзеге асыру қажеттігін нақтылап берді. Қалай десек те, Мемлекет басшысының Жолдауы еліміз тұрғындарын жас ұрпақтың бақытты болашағы жолында қолға алынуы тиісті алуан түрлі мәселелерді бірлесе шешіп, Қазақстанның жаңаруы мен жаңғыруына қарышты қадамдар жасалатынына сенімді серпіліс әкелді. Халықтың кемел келешекке деген құлшынысы мен ұмтылысын ұштады. Еліміздің еңсесін тіктеді. Енді біз үдкен үміт пен сенімнің жетегінде алда тұрған айқын бағыттарға қарай берік қадам жасауымыз керек!.
Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.