Қоңыр күздің бірінші күні де сырғып келіп жетіп, өткен жексенбіде еліміздегі барлық мектептерінде күміс қоңыраудың алғашқы сыңғыры естілді. Білім күні мерекесі ауданымыздағы барлық білім ордаларында да салтанатты түрде аталып өтті. Жаздық демалыстан кейін ұстаз бен оқушыларды қауыштыратын бұл мереке қашанда жоғары деңгейде өтетіні сөзсіз. Биылғы оқу жылында Қарасай ауданында үшауысымдық оқу жүйесін жою мақсатында үш мектепке жапсаржай салу құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Солардың бірі – Қаскелең қаласындағы Керімбеков мектебінің мерекелік жиынына аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, мұғалімдер мен оқушыларды құттықтады. Сонымен қатар, бұл салтанатта аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов және аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов та болды.
Салтанатты жиында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы Қарасай жерінде бүгін бірнеше мектеп жапсаржайы ашылып жатқандығын айтып, биылғы оқу жылында енгізілген жақсы жаңалықтардан жұртшылықты хабардар етіп, жылы лебізін жеткізді. «Білім» атты үлкен «әлемге» саяхатқа енді шыққалы тұрған бірінші сыныптықтарға ерекше ықылас танытып, аталық ақыл-кеңесін айтты. Елбасының ерен еңбегінің арқасында өскелең ұрпақтың толымды білім мен өнегелі тәрбие алуына кең жол ашылғанын, осы артылған үмітті ақтау үшін үлкен ынтамен білім алу қажеттігін жеткізіп, баршаны атаулы күнімен құттықтады. Сондай-ақ, аталмыш мектеп оқушыларының жаңа ғимаратта тек жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде, аталмыш мектептің директоры Қанат Байғараев жаратылыстану бағыты бойынша оқытылатын модификациялық кабинеттердің заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған жапсаржайдың салынуына қолдау білдірген аудан басшысына ұстаздар ұжымы мен ата-аналар атынан алғысын білдірді. Мерекеде мектеп оқушылары да жақсы дайындықтарын көрсетіп әсем ән айтып, әдемі би билеп анық аңғарта білді. Тіпті, білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған, балалық пен еркелік әлі бойларынан кете қоймаған балдырғандар да тәтті тілдерімен үш тілде тақпақ айтып, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Салтанатты шарадан кейін аудан басшысы жаңа ғимараттың есікке керілген қызыл лентасын қиып, мектеп ішін аралады. Үш қабаттан тұратын бұл нысанда 300 орынды 12 оқу кабинеттері бар. Сондай-ақ, мұнда бес зертханалық және әдістемелік кабинеттер және мұғалімдерге арналған бөлмелер орналасқан. Оның ішінде химия, биология, информатика пәндеріне арналған сыныптарда интерактивті тақталар ілініп, заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталған. Ауласы да толықтай көгалдандырылып, оқушылардың түрлі ойындарына ыңғайлы стадион да ойластырылған. Аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сұңқар» ЖШС-сі жүргізген. Жапсаржай құрылысы 2018 жылы басталып,биыл толығымен пайдалануға беріліп отыр.
Алғашқы қоңырау салтанаты Қарасай ауданының барлық мектептерінде өтті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.