Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері отыз жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта еліміз жан-жақты дамып, өзгелермен терезесі тең мемлекетке айналды. 130 ұлттың басын қосып, бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып тату-тәтті өмір сүріп жатқан этностардың ынтымақтастығы әлемге үлгі бола білді. Қазақ елінде өмір сүріп жатқан өзге халық өкілдері де Қазақстанның дамуы мен экономикалық әрі саяси тұрақтылығы үшін тер төгіп келеді. Әсіресе, өзге ұлт жастарының қазақ тілін меңгеруіне ден қойғаны қуантады. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай ауданымыздағы осындай жастардың бірі туралы жазуды жөн көрдік.
Гүлнара Исламова ұлты түрік болса да, қазақ тілін еркін меңгерген жастардың бірі. Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келген Гүлнара қазіргі кезде Қарасай ауданынындағы Әйтей ауылында тұрады. Бұл жердің тұрғылықты халқы қазақтар, әрі мұндағы Қосынов мектебінде орыс сыныбы жок еді. Осылайша кішкентай кезінен бастап араласатын, бірге ойнайтын ортасы қазақтар болғандықтан біртіндеп тілді меңгере бастайды. Сөйтіп, мектепті мемлекеттік тілде тәмәмдайды. Осы уақытта ол қазақ тіліне қатысты, мектеп оқушысы меңгеруге тиіс барлық ережелер мен заңдылықтарды игерген. Көбінде адамдар мектеп қабырғасында үйрететін қазақ тілі пәнінің тілдік ережелерін, грамматикасын және түрлі заңдылықтарын меңгереді де, әңгімелесу барысында қолданылатын қазақ тілі шеткері қалып жатады. Немесе, керісінше, өз беттерімен қазақ тілін меңгеретіндер мектепте үйретілетін ережелерге бағынбай, ауызекі сөздерді ғана қолданады. Мұндай жағдай Гүлнараның да басында болған. Алайда, ол көбінде мектепте үйренген бағытымен жүреді. Әкесі Ислам Исламов пен анасы Лейла Байгулиева түрік ұлтының өкілдері болғанымен, олар отбасында қазақ тілінде тілдесетін көрінеді. Себебі, Гүлнараның Эльнара және Камила есімді сіңлілері де қазақ сыныбында оқиды. Дегенмен, түркі тілін де ұмыта қоймаған отбасы мүшелері үш тілде емін еркін сөйлейді екен.
Бүгінде Гүлнара Қаскелең қаласындағы «Аяжан-Қарасай» медициналық колледжінің 3 курс студенті. Қазақ тілін білуі тек жетістіктерге жетуіне сеп болған. Оған дәлел, өткен жылы Астана күніне арналған облыстық байқауда бірінші орын иеленуі. Бұл сайыста мемлекеттік тілді жетік меңгерген қарасайлық ару аудан абыройын асқақтата қазақ ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, шығарманы еш қиындықсыз өте жақсы жазған. Бойжеткен бұдан да өзге жарыстарда топ жарып үр. Бос уақытында Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев, Махамбет Өтемісұлы сынды қазақтың біртуар ақыындарының шығармаларын оқығанды жақсы көреді екен. Медициналық колледжде «фельдшер-орта емдеу» бөлімінде оқитын ару қыз спорт саласынан да алыс емес, ара-тұра баскетбол ойнағанды ұнатады. Бұлда белсенді бойжеткеннің бос уақытын құр өткізбеуге тырысатын, әр іске ерекше құлшыныспен кіресетін ынтасынан да болса керек. Қазақта «Бір тіл білген адам – бір адам, он тіл білген адам – он адам» деген сөз бар. Гүлнара Исламова да осы қағиданы ұстанады. Өзінің ана тілі – түрік тілін қалай меңгерсе, мемлекеттік тілді де сол деңгейде біледі. Жалпы, түрік қызының қазақша сөйлегеніне қуанатын, оны үлгі тұтатын құрдастары көп. Себебі, қазіргі уақытта қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдерінің мәртебесі жоғарылап келеді. Олар басқаларға қарағанда көпке сүйкімді. Қазақ тілді қауымның оларға деген ықыласы ерекше. Осы негізге алған өзі қазақшаны бір қазақтан кем сөйлемейтін Гүлнара еліміздегі өз замандастарын қазақ тілін үйренуге шақырады.
Тәуелсіздікті алғаннан бері тарихында қазақ тілінің мәртебесі айтарлықтай көтерілді. Қазақ тіліне жасалып жатқан қамқорлық, оның дамуына бөлініп жатқан қаржы өз нәтижесін беріп келеді. Бір кездері қоғамдық орындарда қазақша сөйлеуге қорқатын ел, қазір қазақша әлемдік мінбелерден сөйледі. Қазақ деген ел барын білмейтін өзге мемлекеттің азаматтары қазақша үйрене бастады. Өз Отанымызда өмір сүретін өзге ұлт өкілдері де қазақшаны меңгеруге тырысып, тіпті, қазақтардан артық сөйлейтін жастар қатары көбейді. Осыған қарап отырып сонау Күлтегін дәуірінен негіз алатын баба тіліміздің енді ешқашан өшпейтінін, ешқандай дәуір желі түбірін қозғай алмайтынын түсінгендейміз. Ылайым солай болғай!
Бұрым ОРЫНБАСАР.