Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бойындағы барлық адами асыл қасиеттері аналық ыстық сезімімен, ақ әжелік мейірімімен толығымен тоғысып, ұстаздық ұлы ұлағатыменен де, тәлім-тәрбиелік өрісті өнегесіменен де әдемі жарасым тапқан.
Сонымен қатар, аудандық әжелер алқасының төрайымы ретінде орнықты отбасылық өмірге, ұлттық салт-дәстүрге қатысты жүргізген жүйелі жұмыстары ел-жұрттың ерекше көңілінен шығып, орамды ойлары әрбір адал ниетті адамның жүрегіне жылы тиіп жатады.
Бүкіл болмыс-бітімінен, кескін-келбетінен, жаныңа жағатын жақсы сөзінен, ізгілікке толы іс-әрекетінен қазақ әйеліне тән қасиеттері анық аңғарылатын Ақылия Бекбайқызы да бұл күндері сексеннің бедерлі белесіне көтеріліп отыр екен. Жай көтерілмепті. Әрдайым адалдықтың ақ жолымен жүріп, адаспай, алаңдамай, үлкен абыроймен көтеріліпті!
Себебі, жас кезінен таудай талапты, айрықша зейінді, зерек болып өсті. Жан-жүрегі жарқыраған жақсы жар тауып, арыдан тамыр тартқан текті әулеттің керемет келіні атанды. Ері мен екеуінің игі істерін алға апарар алтын асықтай ұл-қыз өсірді. Мықты мұғалім ретінде жас ұрпаққа биік білім мен тәлімді тәрбие берді. Хакім Абайдың даналық ойларын ұдайы темірқазық етіп ұстанды. Қалың елге үнемі иманды, сауабы көп әрекеттерімен танылды.
Иә, бүгінде ең бастысы балаларының аяулы анасы, немере-шөберелерінің асыл әжесі деген айрықша атқа ие Ақылия апамыз осындай тағылымы мол тамаша ғұмыр кешіп отырған жан.
* * *
Ол кісі өзінің өмірлік жары, талай лауазымды қызмет атқарып, елі үшін ерен еңбек еткен қазақтың белгілі азаматы, марқұм Әбен Мұқашұлы Өмірәлиевті құлай сыйлап, пір тұтты. Сұлулықты сүйетін Әбекең де жібек мінезді әдемі әйелінің жанын терең түсінді, жайын жөнімен жасады, ерекше еркелетті. Өз кезегінде Ақылия апамыз да ақыл-парасатымен жұбайына шын мәнінде сенімді серік, үлгі-өнегесінің өрісі кең жар бола білді. Осылайша бас қосып, бақ қонған екі жақсы ежелден халыққа жаққан әулеттің әрін одан әрі кіргізіп, абыройын асырды.
Санасы сәулелі, жаны шуақты, ойы қуатты, жүрегіне иман нұры ұялаған адамның ғана өзгеге айтары, басқаға үлгі етері болады. Бұл ретте Ақылия апамыздың 2012 жылы жарық көрген «Сөнбесін – шырағың» атты кітабын қолға алғанда осылай демеске лажыңыз қалмайды.
Ол негізінде ғұмырнамалық естеліктер болғанымен, оқырманды толқытады, толғантады. Мұнда отағасы Әбен Мұқашұлы жайында жан-жақты жазылған. Атап айтқанда, Әбекеңнің адами арман-мұраты, азаматтық асқақ тұлғасы, әкелік парызы мен қарызы, отбасын қадірлеп-қастерлеуі, балаларына көрсеткен өнегесі… бәрі-бәрі өрнекті тілмен келісті кестеленген.
«Сөнбесін – шырағың» – Жар туралы кітап. Ақиқатын айтсақ, кітап емес, мінажат! Қазақ әйелінің: Еріне деген, Төріне деген, Қасиетті қара шаңырағы – Еліне деген мінажаты!» деп жазыпты өзінің алғысөзінде қазақтың белгілі қаламгері, ақын-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып. Бұл, сөз жоқ, аталған кітаптың бүкіл мәнін, бар маңызын айрықша ашып тұрған ерекше пікір.
* * *
Ақылия Бекбайқызының көпті сүйсіндірген тағы бір еңбегі ретінде «Әр күнге оймақтай ой»деп аталатын күнтізбесін айта аламыз. Мұнда ұзақ жыл білгір мұғалім болған, педагогиканың қыр-сырына әбден жетік, тәлім-тәрбиелік қағидасы аса берік, өте тәжірибелі ұлағатты ұстаз әрбір айдың әр күнінің бірін де қалдырмай қамтып, оның бетінде өзінің оймақтай ойларын жалпыға жария еткен. Бұл өмірден көрген-білгені көп, түйгені, оқыған-тоқығаны мол жанның жүрек түкпірінен шымырлап шыққан шынайы сезімі мен салмақты пікірлері ұтымды ұштасқан, шындықпен суарылған «шап-шағын шығармалары».
Бәрі де мәселені тереңнен қозғап, санаңа орнықты ой салады, алға ұмтылдырады, ілгері жетелейді, жақсылыққа бастайды, жамандықтан сақтандырады, ұлылардың айтқанын тағы бір есіңе салады.
Мысалы, «Әкеден асқан пірің жоқ, шешеден асқан нұрың жоқ, Отаннан асқан туың жоқ», «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгені де тәрбиелей алмайды», «Әр істе отаншылдық ұстаным басым болуы керек. Сонда еліміздің қуаты артып, табысы еселенбек» дейді апамыз. Мұндай сөз, әрине, жаныңды жадыратады, кеудеңді нұрландырады.
* * *
Қалай болғанда да Ақылия апамыздың бәрінен де бәсі басым, бағалы, құнды еңбегі деп әлі де сиясы кеппеген, көпшілік қолына ұстап үлгермеген, яғни, баспадан таяуда ғана шыққан «Қара қайрақ» деген кітабын айрықша атап айтар едік.
«Жамбыл» баспасынан жарық көріп, төрт бөлімге топтастырылған ондағы жазбалар, шынында да, Өмірәлі әулетінің шежіресі іспетті екен. Ең алдымен мұнда Әбекеңнің көзінің ағы мен қарасындай қызы Гүлмираға жазған бірнеше хаты жарияланған. Ұрпағын сүйіп, ұл-қызын құрметтеген әке сонау Мәскеудегі студент қызына 400-ден астам хат жазыпты. Міне, ғажап! Бәрі де азбайтын ақылға, керекті кеңеске, үлкен үлгіге, тәлімі мол тәрбиеге тұнып тұр. Өзінің ойын бауыр еті баласының санасына сіңіре отырып, әке адамдық, адалдық, имандылық жөніндегі жүрек сырын ашады, болашағына айқын жол сілтейді. Ұрпағының қамын жеген осындай-ақ болар!
Екінші бөлімінде Ақылия апайымыз қыз баланы тәрбиелеудегі ой-пікірлерін ортаға салса, үшінші бөлімде бірқатар ұлттық салт-дәстүрдің тереңіне бойлатып, мазмұнын жарқырата ашады, болашағына айқын жол сілтейді. Халықтық тәрбиенің қалпын бұзбай сақтауға шақырады.
Төртінші «Күнделіктен сыр» атты бөлімнен де апамыздың жан-дүниесін жайлаған жағымды ой-пікірлерін, толғаныстарын бас алмай оқып, өте риза боласыз.
* * *
Ал, кітап неге «Қара қайрақ» деп аталған, енді осыған аздап тоқталсақ.
Әбеннің атасы Өмірәлі би баласы Мұқашты бар жағдайды жасап, білімді, озық ойлы азамат етіп өсіріпті. Алайда, кешегі келмеске кеткен кеңес өкіметінің зұлым саясатының арқасында көзі ашық, көкірегі ояу, ел қамын жеген 28 жастағы Мұқаш 1934 жылы «Халық жауы» атанып ұсталып кетеді.
Кейін, әйтеуір, әділеттілік жеңіп ақталды ғой.
…Сол кезде үйін итше тіміскілеп тінтіп, астаң-кестеңін шығарғанда атадан балаға мұра болып келе жатқан көне қара қайрақ олардың қолына түспей жақсы жасырылған… Өйткені, Құлпы анасы қара қайрақты табанына салып көрсетпей басып қалған екен. Осы отбасылық аса құнды жәдігер әлі күнге дейін қара шаңырақта сақтаулы тұр!
Дәл осы қара қайрақ өскен-өнген әулеттің құт-берекесіне айналыпты, сөйтіп, бірлігін, ұйымшылдығын, ынтымағын арттырып, бәрін де айрандай ұйытып отыр десек, артық айтқандық емес.
Иә, есімдері елге белгілі, айтулы азаматтар болып қалыптасқан Болат пен Талғат ұлдарынан, білімді, білікті Гүлмира қызынан тараған ұрпағының ортасында мағыналы да бақытты ғұмыр кешкен ол кісінін әрқашан да тілегі ақ, пейілі таза.
Ақылия қажы, шынында да, адамдықтың ақ жолынан таймай, ақиқаттан адаспай жүріп, ақылдың кілтін тура таба білген, жан-жағына шуағын шашып жүрген, көңілі көктем күніндей күлген ардақты жан, аяулы ана, асыл әже, көкірегі қазынаға толы қадірлі қария.
Ол Қазақстан білім беру ісінің озаты, Республика білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің, бірнеше мерекелік медальдің иегері, Еңбекшіқазақ және Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Сонымен қатар, үш бала, тоғыз немере, сегіз шөберенің қызығын көріп отыр.
Алда да Жаратқанның жақсылығының арқасында жасай беріңіз, Ақылия апа, дейміз біз сөз соңында.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.