Ана тілінің қадір-қасиетін жете түсініп, оның әдемі иірімдерін таныту өркениетті елдерге тән құбылыс. Өз тілін, дінін, салт-санасын қадірлемеген адам толық зиялы бола алмайтыны хақ. Осы ретте облыс бойынша Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңының талаптарына сәйкес рәсімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы өтуде. Маусым-тамыз аралығын қамтитын шараның қорытындысы қыркүйек айында шығарылады. Біздің ауданымызда да осы акцияның аясында бірқатар рейдтер мен жеке кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.
Өткен аптаның жұма күні, деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарының тіл нормаларына сәйкес ресімделуін анықтау мақсатында, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық әкімдік бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен зерделеу жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл жолы комиссия мүшелері аудан орталығындағы Абылайхан көшесінде орналасқан 13-тен астам халыққа қызмет көрсету орындарына барып, мемлекеттік тілдің қолданылуын бақылап, заң айналасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бір айта кетерлігі, көпшілік орындардағы маңдайша тақталары тек орыс тілінде жазылған.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес барлық жарнамалар мен қызмет көрсету нысандарының деректемелері алдымен мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Соған қарамастан аудан орталығындағы біраз нысан әлі де қателіктерін түзеуге асығар емес. Мәселен, Абылайхан көшесінін бас жағында орналасқан «Шаңырақ» мейрамханасы мен палау орталығындағы ас мәзірі және осы нысандардың қасында орналасқан көлік жуу орталығындағы көрсетілетін қызмет түрлері толығымен орысша жазылған. Ал, «Jetisý» демалыс орталығында жазғы алаңындағы тақтайшадағы латынша атау қате жазылған. Сондай-ақ, осы көшенің бойында орналасқан «Creat’if» деп жазылған сұлулық салоны, дәріхана мен балмұздақ дүкенше маңдайшаларындағы латынша атауларында да қате табылды. Сонымен қатар, аудандық әкімдіктен төмен орналасқан «Шұғыла», «Аленушка» сияқты кафелер мен базардағы ойыншықтар мен гүлдер сататын дүкендердегі ас мәзірлері мен тауарлардың атаулары тек орысша жазылған, сондай-ақ,олардың төбелеріндегі тақтайшаларындағы латынша жазулардан да қате жазылулар табылды. Жоғарыда аталып өткен қателіктердің бәрін көріп шыққан комиссия мүшелері нысан иелеріне Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттардың мәтіндерінің қандай ретпен және қандай өлшемдегі әріптермен жазылатындығы туралы толық мағлұмат берді. Сондай-ақ, оларға аталмыш олқылықтарды жою үшін тамыз айының 25-іне дейін ғана уақыт берілетіні туралы ескерту жасап, белгіленген мерзімде түзетілмеген жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік-құқық-бұзушылық туралы» кодексінің 75-бабына сәйкес әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынатыны туралы ескертті.
Ал, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ләззәт Болатқызы нысан иелеріне алдағы уақытта тақтайшаларға атауларды жазатын кезде, аудандық Мәдениет үйінде орналасқан тілдерді дамыту бөліміне келіп, жазуларын тексертіп алулары керектігің айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.