«Úshqońyr» денешынықтыру-сауықтыру орталығы өткен аптаның сенбісінде спорт күніне орай, алғашқы жарыстардың бірін ұйымдастырды. Дәстүрлі түрде жыл сайын ауданға қарасты барлық қала және ауылдық округтер арасында өткізілетін сайыс биыл осы спорт мектебінде өткізіліп, тұрғындар өзара спортқа деген мүмкіндіктерін жан-жақты байқата білді. Айтулы додаға жарыс қожайыны ретінде «Úshqońyr» спорт мектебінің құрама командасы да қатысып, өз белсенділіктерін танытты.
Жарысқа қатысушы барлық спортшылар сайыс алдында құрама команда ретінде ортаға шығып, жанкүйерлерге таныстырылды. Мерекеге орай ұйымдастырылған дәстүрлі доданың ашылу рәсімінде аталмыш спорт кешеннің директоры Дәурен Төлеген барлық қатысушылар мен қонақтарды айтулы мерекемен құттықтап, осы кешеннің бірқатар қызметкерлеріне бұқаралық спортттың дамуына үлес қосқаны үшін өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Спартакиадалық ойын түрінде өткен жарыста спортшылар волейбол, қол күрес, футбол, сондай-ақ, әйелдер арасында 60 м-ге, ерлер арасында 100 м-ге жүгіру бойынша сынға түсті. Әр команда өздерінің түрлі спорттық шеберліктерін жан-жақты танытып, барынша жеңіс тұғырынан көрінуге талпынды.
Жарыс болған соң біреу оза шауып, біреу қалыс қалу қалыпты үрдіс екені анық. Ал, осы айтулы мереке күні қарсаңында өткен спорттық бәсекеде жарыс қожайындары, яғни, «Úshqońyr» спорт кешені жалпы командалық есеп бойынша І орыннан көрінсе, Жандосов ауылдық округі атынан қатысқан спортшылар ІІ орынды қанжығасына байлады. Жүлделі ІІІ орын жамбылдықтарға бұйырды.
Жеңімпаз командаларға арнайы турнирдің кубогы, медальдар және Алғыс хаттар табыс етілді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.