«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, сонау ықылым заманнан бері қасиетті қара домбыра қазақпен бірге жасасып келеді. Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы аспапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы тоғыз пернелі домбырамен әуелетіп ән де салған, күмбірлетіп күй де шерткен. Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында, шілде айының алғашқы жексенбісін «Домбыра күні» деп белгілеуі де тегін емес. Оның өзі ұлтымызды ұлықтайтын ұлы аспапқа деген асқан құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі. Ал, сол киелі аспапты жасауды өз кәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген жас шеберлер де халық арасында кездесіп жатады. Осы ретте біз асқан ыждаһаттылықпен қазақи музыка аспаптарын жасап жүрген қарасайлық жас қолөнер шеберлері Дидар, Бекет және Марғұландардың шеберханаларына барып қайттық.
Он саусағынан өнері тамған шеберлер бүгінде ағаштан әртүрлі дүниелер дайындайды. Бастысы – ұлттық оюлармен өрнектеп домбыра жасау. Олар кәсіптерін осыдан 3-5 жыл бұрын оқып жүргенде бастап, бүгінде өздерінің шағын шеберханаларын ашып, қазір соның ісін өрге дөңгелетуде екен.
– Біз үшеуіміз де Қаскелең қаласындағы Мәдениет колледжінде педагог-мәдени демалыс ұйымдастырушылық сәндік қолданбалы ұжымның жетекшісі мамандығында оқыдық. Алғашқы домбыра жасауды мұғаліміміз Арнұр Асқарұлы үйретті. Кейіннен де ұстазымыздың шеберханасында бірталай көптеген нәрселерді үйренген болатынбыз. Домбыра жасаумен айналысқанымызға 4-5 жылдан асты. Оқу бітіргеннен кейін ақылдасып, өзіміздің кішігірім шеберханамызды аштық, қазір міне, осы жерде тапсырыс бойынша жұмыс істеп отырмыз, – дейді Дидар Сарсенбек.
Достар үштігі домбыра жасап, сатуды студент кездерінен бастаған. Ауданымыздың бірқатар өнерпаздары осы колледжде кез-келген аспаптарды қайта өңдеуге, жөндеуге, жаңарту ғана емес, сондай-ақ, сатып алуға тапсырыс жасаған. Осыны көрген біздің кейіпкерлеріміз студент кездерінде өздерінің «Nota_kz» деп аталатын инстаграм парақшаларын ашып, сол жерде жасаған аспаптарын, неше түрлі бұйымдарын жарнамалап сатылымға шығарады. Енді, міне, өздерінің шағын шеберханаларында қалақ, жамбыл, абай, шабылған, шінкілдеуік сияқты домбыраның екі және үш ішекті түрін жасауда. Қолөнершілердің айтуынша, қажетті барлық бөлшектер дайын болса, бір домбыраны екі-үш күнде жасап шығуға болады. Ол үшін күндіз-түні тек сол домбырамен айналысу керек екен. Бұл ретте саз аспаптарының шебері болу үшін ең бастысы шыдамдылық қажет. Аспаптың сыртқы формасын байыппен жасаудан бөлек, оның дауысын жақсылап шығару ұзақ ізденісті талап етеді. Сондай-ақ, шеберлер тапжылмай отырып ойдағыдай нәтижеге жеткізер төзім екінің бірінің бойына дари бермейтін қасиет екенін айтады.
– Біз көбінесе аспапты жасау үшін қарағай ағашын пайдаланамыз. Ең бірінші керек пішіндерді дайындаған соң, арнайы ыстық пештін бетіне ағаштан тілінген шанақ бөлшектері қойылып иіледі. Шанақ толықтай құралған соң, мойын ағашы дайындалып, оны ағаш желімі арқылы шанаққа бекітеді. Желімделген бөлшектер толықтай қатқанша, домбыра басы, оған тағылатын құлақтары, тиегі дайындалады. Жарты сағаттай уақыт өткен соң, шанаққа бетқақпақ, жиектеме, белағаштары бекітіледі. Осылайша домбыра пішіні дайын болып, оны оюлармен көркемдеу, бетқақпағын тесу, бояу жұмыстары жасалады. Үш күннен кейін аспап толықтай кеуіп, перне мен ішек тағылады да, домбыра дайын болады, – дейді Бекет Ерғалиұлы.
Сондай-ақ, олар жасаған аспаптарына ою салу, бояу, жазу жазу сияқты әрлендірулерді де өздері жасайды екен. Мұнан бөлек жас шеберлеріміз мұнда музыкалық аспаптардан басқа ағаштан әртүрлі мүсіндер, күнделікті өмірде қолданатын құрылғыларды да жасайды. Жігіттердің өнімдерін біздің ауданда ғана емес, сондай-ақ, Жамбыл ауданы, Атырау, Қарағанды және Алматы қалаларынан да тапсырыс беріп жасататын адамдар жетерлік көрінеді. Дарынды жігіттер ұлттық мәдениеттің құдіретін ел ішімен қатар өзгелерге де кеңінен танытуды мақсат тұтады. Осы уақытқа дейін 300-ге жуық қоңыр үнді домбыра жасаған олар қазір басқа да музыкалық аспаптарды жасауды қолға алып жатыр.
– Иә, біз қазір көбінесе домбыра жасаумен айналысамыз, бірақ, алдағы уақытта шеберханамызды кеңейтіп, жұмысқа керек құрылғылар мен машиналар(станоктар) алып, басқа да аспаптарды жасай бастауды мақсат етіп отырмыз, – дейді Марғұлан Тоқтарғалиев.
Бүгінде атадан балаға мирас болған өнерді жандандырып, ата кәсібін нәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген шеберлер қатарының көбейіп келе жатқандығы қуантады. Осы ретте ұлттық рухымыз қайта жаңғырып жатқан бүгінгі тұста, бабадан қалған төл өнеріміздің әлеуетін асырып жүрген сегіз қырлы бір сырлы жігіттерімізге алдағы уақытта бастаған кәсіптері өрге домаласын, деп тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.