ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Балалардың құқығын қорғау комитетi жаңа оқу жылының басталуына бiр ай қалғанда «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын өткiзедi. Акцияны өткізудегі мақсат – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде және әлеуметтiк себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету.
Жыл сайын өтетін қайырымдылық шарасы биыл Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсатында 3 шілдеде басталды. Ал, Алматы облысында «Мектепке жол» акциясы бойынша 5 шілдеден, Қарасай ауданында 19 шілдеден бері жұмыс жүргізілуде. Акцияны ұйымдастыру бойынша комитеттің құрамы мен жұмыс жоспары бекітілді. Жаңа оқу жылының қарсаңында қолға алынған шара «Жүректен-жүрекке» ұранымен өткізілуде. Аталған шара аясында аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, жартылай немесе толықтай жетім балаларға кеңсе тауарлары, мектеп формалары, спорттық киім, аяқкиім алуға көмек көрсетіледі. Алматы облысы бойынша бүгінге дейін демеушілердің арқасында 9 млн теңгеге 770 баланы мектепке дайындауға қолдау білдірілген.
Қарасай аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, акция басталғалы аймақ бойынша 15 балаға 300 мың теңге көлемінде мектепке қажетті керек-жарағы алып берілген. Шара аясында «Бiрiншi сыныпқа бiрiншi рет», «Бiрiншi сынып оқушыларына сыйлық» және т.б. әлеуметтiк қорғалмаған отбасылардың бiрiншi сыныпқа баратын балаларына деген қайырымдылық iс-шаралар өткізілу жоспарлануда. Жылдан-жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты қолдау білдірсек деген қайырымды жандардың қатары артып отыр. Сондай-ақ, төмендетілген бағада мектеп тауарларын сату үшін мектеп жәрмеңкесін ұйымдастыру қолға алынуда.
Ал, көмек алуға үмітті ата-аналар мен балалардың тізімі жергілікті жердегі мектептерде бекітіледі. Құжатсыз балалар анықталған жағдайда бұл іспен аудандық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық бөлімшелері айналысады. Баласының болашағына бей-жай қарамайтын ата-ана, егер мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдық аламын десе, сонда өтініш білдіруіне болады. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Сонымен қатар, қайырымдылық көрсетемін деушілерге білім бөлімінің 8-72771-2-10-80 нөміріне хабарласуға болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.