Қазақ асқа, тағамға үлкен мән берген. Халқымыз кәделі әрі орны бөлек тағамдарын ет пен сүттен жасаған. Қымыз, шұбат сияқты шипалы сусындарға бүгінде батыс елдері де қызыға қарайды. Бұл – біздің халқымыздың ерекшелігі.
Әрбір халықтың өз тарихы бар. Сол тарихтан халықтың тұрмыс-тіршілігінен хабардар боламыз. Көшпелі тұрмыста мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың да этнографиялық салтына қарай дастарханының өзіне тән өзгешелігі бар. Жуырда ұлттық тағамдарымыздың осындай ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында Алматы облысы бойынша гастрономиялық тур ұйымдастырылды.
Аталмыш саяхаттың басы ауданымыздан бастау алып, өткен аптаның демалыс күндері Шамалған ауылындағы Үшқоңыр тауының бөктерінде орналасқан «Nomad» этноауылында турдың қатысушылары қоныстанды. Қазақтың көпғасырлық дәстүрін насихаттайтын ерекше шараның мақсаты – бiр шаңырақ астында тату-тәттi өмiр сүрiп жатқан барлық этнос өкiлдерi арасында қазақ халқының мәдениетiн, тарихын, философиясы мен ұлттық құндылықтарын насихаттау. Сондай-ақ, елімізге алыс, жақын шетелден келушiлер үшiн халқымыздың бай тарихы және дәстүрiмен танысуға, тiлiн үйренуге мүмкiндiк беру.
Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының аясында Алматы облысы туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған маңызды шараға туристік компаниялардың өкілдері, облыс тұрғындары, шетелден келген туристер мен блогерлер қатысты. Алдымен саяхатшылар «Nomad» этноауылымен танысып, Қазақстан жерінде әскери өнердің қалыптасыуын көрсету мақсатында осы күні ұйымдастырылған «Көшпенділер әскери өнерінің апталығы» фестиваліне қатысты. Сондай-ақ, олар жаужүрек сарбаздар, садақшы мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар және музыканттар мен қолөнер шеберлері қоныстанған бұл фестивальде сан түрлі қойылымдар, ат құлағында ойнаған епті жігіттердің өнерін тамашалап, садақ ату және өзге де көшпелі тайпалардың мәдениет элементтерін тамашалады. Қазақ халқының қолөнерімен танысты.
Мұнан кейін облыстың жан-жағынан келген аспаздар ұлттық тағамдарының қалай дайындалатынын көрсеткен аспаздардың шеберлік сабақтарын өткізді. Одан кейін тур қатысушылары экологиялық таза өнімдерден жасалған түрлі тағамдар мен сусындарға дегустация жасап, өз бағаларын берді. Түстен кейін жоспар бойынша тур Талғарда орналасқан «Ғұндар» этноауылына ат басын бұрды. Онда саяхатшылар қырғыз халқының ұлттық тағамдарымен танысып, олардың жасалу жолына ден қойды.
Турдың екінші күні барлығы табиғаты таңғажайып, төбесі көкке тиіп тұрған үлкен тастары өздігінен салынған ертегілер қаласын еске түсіретін – Шарын ұлттық табиғи паркіне барып, ол жердің табиғатын тамашалады. Одан кейін тур қатысушылары Шонжы ауылына табан тіреп, ұйғыр халқының ұлттық тағамдарымен танысып қайтты.
Турдың соңғы, яғни, үшінші күні саяхатшылар «Көлсай» ұлттық табиғи саябағын аралап, «Шығыс асханасымен» танысты, одан бөлек, өнерлі аспаздардың шеберлік сабақтарына қатысты.
Осы турдың арқасында шетелден келген азаматтар біздің және басқа да түркі тілдес халықтардың ұлттық тағамдарымен ғана емес, біздің кең байтақ өлкеміздің әдемі әрі таңғажайып жерлерімен, сондай-ақ, салт-дәстүрлерімен, тұрмыс-тіршілігімен де кеңінен танысып қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.