Ауданымыздағы «Nomad» этноорталығында елімізде алғаш рет қазақстандықтарға, сондай-ақ, шетелдік меймандарға тарихтағы көшпенділер өмірін бейнелейтін әрі тарихи мұрамызбен жақынырақ танысуға ерекше мүмкіндік беретін этнофестиваль өтті.
Өткен аптаның демалыс күндері, Алматы облысы туризм басқармасының тапсырысы бойынша әрі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, ауданымыздағы табиғаты таңғажайып Үшқоңыр үстіртінің етегінде орналасқан «Nomad» этноауыл ұлттық-мәдени кешенінде ежелгі бабаларымыздың жауынгерлік һәм шеберлік өнерін көрсететін, тұрмыс-тіршілігінен сыр шертіп, сан ғасырлық мәдениетімен таныстыратын «Көшпенділердің әскери өнерінің апталығы» атты этнофестиваль ұйымдастырылды. Фестивалдің негізгі мақсаты – көшпенділердің тарихи және мәдени мұрасын насихаттау, оны ұлттық салт-дәстүрді, шайқас өнерін жаңғыртуға және мемлекеттер арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтуға арналған платформа ретінде қалыптастыру. Сондай-ақ, елімізге шетелдік туристерді тарту және ішкі туризмнің дамуына оң әсерін тигізу.
Ашық аспан астында ғасырлардан бір үзік сыр шерткен этникалық фестивалді туризм саласының өкілдері, шетелден келген туристер, облыс пен аудан тұрғындары, барлығы 2000-нан астам адам тамашалады. Этноауылға келгендер бүркітшілердің, шабандоздар мен көкпаршылардың, садақшылардың, батырлардың шеберліктеріне тәнті болып, ұлттық ойындарға қатысып, ұлттық ас мәзірінен дәм татты. Алдағы уақытта олар бір апта бойы көшпенділердің өміріне етене еніп, ежелгі тұрмысымен, тарихи салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен танысатын болады. Сондай-ақ, қазақтардың көне тұрмыс-тіршілігіне көз жеткізіп, ертедегі қолөнершілердің құпияларын біліп, шеберлік сыныптарынан дәріс алады, және киізбен, терімен, күміспен жұмыс істеудің көне технологиясы туралы біраз мәліметтен құлағдар болады.
Тылсым тарихпен тілдестіріп, өткен дәуірлерге саяхат жасатқан бұл мәдени шара шымылдығы сап түзелген шерумен ашылды. Оны қасына қатал, досына адал болған батыр сақ жауынгерлерінің сауытын киген әскер басы бастап шығып, әскер артынан әлем тарихында жеңілмейтін атты әскер бейнесінде қалған, ата-бабамыз үшін өз заманында ең жетілдірілген соғыс құралын соққан ұлы даланың ұсталары мен шеберлері жүріп өтті. Шеруді қолдарына қыран құстарын ұстап, әрлеп-зерлеп тігілген ұлттық киімдер, хас шеберлердің қолынан шыққан саятшылық әбзелдерімен сәнденген бүркітшілер жалғастырды. Құсбегілерден кейін сәйгүлігін баптап, аттың құлағында ойнаған шабандоздар, он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері, құралайды көзіне атқан мергендер мен алпауыт, жаужүрек батырлар жүріп өтті. Осының бәрі жиналған жұртты тура бір ертеғасырлық кезеңге тап болғандай сезімге бөледі.
– Фестиваль қонақтарында көшпенділердің өмір салтына, тарихына үңілу мүмкіндіктері бар. Мұнда келген әрбір қонақ этномәдениеттің көпқырлылығын сезініп, халықтың өмірі мен салт-дәстүрлері және көшпенділер тұрмысымен таныса алады. Мақсатымыз – өткенімізді жаңғырту, жастарымызды еліміздің тарихын білуге терең баулу. Іс-шараға келген адамдардың ішінде өзімізден ғана емес, сондай-ақ, шет мемлекеттерден көптеген туристер қатысқандықтан бұл фестиваль өз кезегінде елімізге туристер тартудың да бір жолы, – дейді Алматы облысының туризм басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Оразбаев.
Өз кезегінде «Nomad» этноорталығының директоры Жандос Нұрбеков фестиваль келушілерге тек көрермен ретінде ғана емес, сондай-ақ, шайқастар мен өзіндік рәсімдердің қатысушысы болуға мүмкіндік беретіндігін де атап өтті. Қонақтар қару-жарақ киіп, қылышпен соғысып, атқа отырып садақпен ата алады.
– Этноауылдың барынша сол кезендердегі қалашықтарға ұқсас қып жасалғанының арқасында туристер қазақ халқы мәдениетінен көбірек мәлімет ала алады, – дейді Жандос Нұрбеков. – Бір сөзбен айтқанда, олар қолөнер, дәстүр, тағамдар, киімдер сияқты ежелгі көшпелілердің өмірінен көптеген жаңа дүниелермен танысады.
Шеруден кейін ауқымды театрландырылған қойылым болып, ол қонақтардың таңқалдырарлық қошеметі мен ду қол шапалағын тудырды. Бұрқыраған шаң, найза мен қылыштың соққысы, ат тұяғының дүбірі, жауынгерлердің айқайы, мұнын бәрі осы жерді біраз уақытқа майдан алаңына айналдырғандай болды. Каскадерлер ежелгі жекпе-жектің жекелеген шалт қимылдарын жасап, бар күштерін салды. Атты әскерлер, қару-жарақтар, киімдер мен сауыттар көрермендерді сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың және ежелгі түріктердің дәуірлеріне ендірді, ал каскадерлердің актерлік шеберліктері мен кәсіби ойындары болып жатқан көрініске шыңайлылық берді. Ұйымдастырушылар қойылымды бірнеше эпизодтарға бөліпті. Алдымен атты әскерлердің шабуылдарын көрсетті: ат үстінде отырған жауынгерлер қылыштарымен «жауларының» шебін кесіп өтуге тырысты. Бір уақыттан кейін шайқас басталып, акинаки-қылыштары, найза, шыбықтар, шоқпарлар, айбалталар іске қосылды. Ұрыстың әртүрлі тактикасын көрсеткен олар мұнан кейін жекпе-жек төбелестің түрін көпшілікке ұсынды.
Қойылымның соңы ретінде садақ ату сайысы болды. Мұнда «Nomad» орталығының каскадерлері ғана емес, сонымен қатар, таңқаларлық дәлдікпен барлық жаттығу нысандарына тура тигізген шабандоз амазонкалар да көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Осы жарқын қойылымның барлығын да жақсы өткізіп, әскер қолбасшысы, тарихи қайта құру клубының жетекшісі ретінде археолог Станислав Потапов тікелей қатысты. Ол жылдар бойы көшпенді халықтар туралы көптеген мәлімет жинап, қазіргі таңда сол замандағы әскерлердің соғысу өнерін қайта жандардыруды ойластырған. Осындай тамаша көріністі қойған каскадерлердің шеберлігіне үлкен қошемет көрсетілді.
Мұнан кейін олар этноауыл аумағында құрылған Ұлы Түрік қағанаты кезіндегі әскери лагерлерді аралады. Бұл жерде оларға Станислав Потапов «бес қару» ережесін түсіндірді. Бұл ережеге сәйкес әр жауынгер сақтардың заманында қалыптасқан дәстүрлі әскери жинақ – садақ, найза, қылыш, балта және шоқпар сияқты қарудың бес түрін жақсы білуі керек. Осы қойылымдарды қойып, туристерге көшпенділердің әскери тактикасын түсіндіріп жүрген Станислав соңғы жылдары біздің қоғамда көшпенді тайпалардың сан ғасырлық дәстүрлері, мәдениеті мен өміріне деген қызығушылық едәуір артқандығын қуана айтты.
– Біздің коллекциямызда әртүрлі дәуірдегі әскери қару-жарақтар бар, – дейді ол.– Біз сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың, түріктердің, қазақтардың қалай соғысқанын анық көрсетеміз. Мұнда келгендердің барлығы ежелгі жауынгерлердің қару-жарағын сынап көре алады, тіпті, семсермен және қылышпен айқасудан шағын шеберлік сабағын да ала алады. Сондай-ақ, біздің археологиялық қазба жұмыстарына белсене қатысқандығымыздан мұндағы барлық қару-жарақтарымыз сол кезендердегі қарулармен бірдей. Яғни, ата-бабамыз қолданған дүниелердің, жәдігерлердің жасанды, бірақ, нағыз түпнұсқаларына ұқсастығы арқылы келген туристерді ықылым замандардағы ұлы дала бейнесін көз алдына келтіріп, қазақ халқының мәдени мұрасымен, тарихи қазынасымен жақын танысуға деген қызығушылық-тарын арттырамыз, – деді тағы Потапов.
«Көшпенділердің әскери өнерінің апталығының» барысында келушілер киіз үйдің ағашы мен жабдықтарын тұтас қолдан тоқып, шебер жасай білген әжелеріміздің өнерлерін де тамашалады. Иә, туристер биіктіктің кемел үлгісі саналатын, қолынан бал тамған ақ самайлы, қазыналы әжелеріміздің өнері мен халықтың рухани байлығының көзі болып табылатын бағалы құндылықтарына тәнті болды. Фестивальге келген қонақтар киіз үйде болып, ұлттық тағамдардың дәмін татты, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Осы орталықта этнограф болып жұмыс істейтін Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, әдетте осы тектес шараларда декоративті киіз үйлер тігіледі екен. Олар темірден жасалған, салмақтары тоннаға дейін жетеді. Ал, бұл жолы кәдімгі ағаш керегелер мен уықтан, шаңырақтан тұратын көшпенділердің киіз үйлері тігіліп отыр. Бұл үйлерге шетелдік қонақтар да кіріп, көшпенділер мәдениетін көзбен көрді. Мұнан бөлек фестивальде жұртшылықты қызықтырғаны – қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі. Еліміздің аймақтарынан және түркі тілдес елдерден келген зергер, ұста, шеберлер өз қолдарынан шыққан бұйымдарын саудаға қойған. Олардың жаймаларында ер-тұрман секілді ат әбзелдері, қылыш, қанжар, айбалта, қалқан, теріден тігілген әмиянның түр-түрі, саздан жасалған құмыра, ыдыс-аяқтар, сазсырнайлар, әшекей бұйымдары, қазақы тақия да бар.
– Бұл өте керемет фестиваль екен. Мен өзім адамдарды әр елдің салт-дәстүрі мен тағамдарымен таныстыратын блогер болғандықтан мұнда гастрономиялық турдың қатысушыларымен бірген келген едім. Қазақстанға, әсіресе, Алматыға бірнеше рет келгенмін, бірақ, мұндай керемет фестивальді бірінші рет көріп отырмын. Маған мұндағы әдемі әрі өзге елдерде жоқ сан түрлі ұлттық киімдер, ыдыстар, бұйымдар, әскери қару-жарықтар мен алып денелі жауынгерлер өте қатты ұнады. Қазақстан жеріндегі халық өздерінің салт-дәстүрін және тарихын қаншалықты бағалайтынын көрдім. Алдағы уақытта Қазақстанға қайта оралатыныма сенімдімін. Үйренер тұсымыз өте көп, – деді австралиялық блогер Дениел Нур.
Тағы бір айта кететіні, сол күні этноауылда қыш және азпаздық өнер, садақ ату, қолөнер шеберханаларында да экскурсиялар өткізілді.
Сан ғасырлар бұрынғы қазақтың дархан даласының дидарын елестеткен фестиваль апта соңына дейін жалғасады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.